Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері өзге өңірдің тұрғындарынан синтетикалық есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Солтүстік Қазақстанда полицейлер синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Мамыр айының басында Петропавл қаласының шетінде СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері BMW автокөлігімен жүрген үш күдіктіні ұстады, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Рөлде отырған Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны полицейлерге қарсылық көрсетіп, көлікпен жасырынуға тырысты. Соңынан қуған кезде көліктің ішіндегілер терезеден қара түсті барсетканы лақтырып жіберген. Оның ішінен шамамен салмағы 1 келі ұнтақ тәрізді зат салынған түйіншек табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұның α-PvP деп аталатын синтетикалық есірткі екені анықталды, – деп толықтырды ведомство.
Күдіктілер алысқа ұзамады, олардың көлігі Жұмысшы кентінен шыға берістегі айналма жолда тоқтатылды. Жүргізушіден бөлек көлік ішінде 35 жастағы тағы бір алматылық және Астана қаласында тұратын 24 жастағы қыз отырған.
Солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер екі ер адам уақытша тұрып келген Көкшетаудағы жалдамалы пәтерден синтетикалық есірткі салынған түйіншектер, электрондық таразы, буып-түю материалы, 1 келі синтетикалық есірткі мен 20 грамм гашиш тәркіледі.
«Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы – 1,5 келі α-PvP және 0,5 келі мефедрон. Екі алматылық күзетпен қамауға алынды. Топ құрамында аса ірі мөлшерде есірткі өткізу фактісі бойынша қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов.
Дереккөз: Халық үні