2023 жылғы шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген толықтыруларға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар ойнауға тыйым салынды, деп хабарлайды Todayinfo.
Бұл талапты бұзған жағдайда, олар теріс себептермен жұмыстан шығарылуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілер арасында осы шектеуді сақтамау фактілері анықталды. Талдау барысында бірнеше мемлекеттік қызметкердің құмар ойындарға қатысқаны белгілі болды.
Ақжар ауданы әкімдігінің құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы «1XBET» букмекерлік кеңсесінде жүйелі түрде «ставкалар» қойып, заң талаптарын бұзған.
Сондай-ақ, осындай құқықбұзушылықтар Ұялы ауылдық округі әкімі аппаратының және Ақжар ауданының білім бөлімінің бас мамандарына қатысты да анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде жоғарыда аталған лауазымды тұлғалар қызметтерінен босатылды. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.