Фото: parlam.kz
Сталкинг ұғымы қылмыстық заңнамаға жаңадан енгізілуде. Адвокат және қоғам қайраткері Абзал Құспан бұл жаңа норма туралы түсініктеме беріп, оның мәні мен қолданылу аясын түсіндірді, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Сталкинг» термині қазақша аударылмайды
«Сталкинг» термині қазақ тіліне аударылмаған күйде қолданылады. Абзал Құспанның айтуынша, бұл халықаралық термин болғандықтан, оны сол күйінде қалдыру дұрыс деп шешілген. Әлемнің көптеген елдерінде дәл осы атау қолданылады.
«Мақсат – азаматтарды бірден соттау емес»
Абзал Құспанның сөзінше, бұл норманың басты мақсаты – сталкинг қылмысының алдын алу. Оны бірден ауыр немесе аса ауыр қылмыстар қатарына жатқызу қарастырылып отырған жоқ. «Бұл норма азаматтарды бірден түрмеге тоғытуға бағытталмаған. Алғашқы кезеңде қылмысты қайталамау үшін ескерту мен айыппұл қарастырылады», – деді ол.
Германия мен Канада тәжірибесі зерттелген
Сталкингке қатысты халықаралық тәжірибе зерделеніп, арнайы комиссия Канадаға барып қайтқан. Онда сталкинг ауыр қылмыс ретінде қарастырылатыны белгілі болды. «Бізге мұны бірден ауыр қылмыс деп қабылдауға абай болу қажет. Әзірге оны қылмыстық теріс қылық санатында енгізуді жөн көрдік», – деді Құспан.
Сталкингті қайталаса – ауырлатылған жаза болуы мүмкін
Бұл қылмыстық әрекет қайталанған жағдайда жазаны ауырлату мәселесі әлі де талқылану үстінде. Алғашқы кезеңде тек айыппұл және теріс қылық ретінде қарастырылғанымен, сот тәжірибесі мен статистикаға байланысты болашақта жаза түрі өзгеруі мүмкін.
Сталкинг қылмысы қалай анықталады?
Мұндай жағдай орын алса, ең алдымен жәбірленуші ішкі істер органдарына арыз-шағым түсіруі тиіс. Арыз қабылданған соң, құқық қорғау органдары тергеу-тексеру жұмыстарын бастайды.