Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Sportnews.kz сайтына берген сұхбатында әлі ресми түрде қызметінен кетпегенін мәлімдеді.
Федерация мәлімдемесі және Черчесовтың жауабы
Бүгін Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Черчесовпен келісімшарттың өзара келісім арқылы үзілгенін хабарлаған болатын. Алайда бапкер бұл ақпаратты жоққа шығарды:
«Федерация басшысы Марат Омаровпен телефон арқылы сөйлестік, ол келісімшарттың үзілетінін айтты. Бірақ бұл процес заңды тұрғыда әлі аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта заңгерлерім бұл мәселені шешуде. Сондықтан, мен әлі Қазақстан құрамасының бас бапкерімін», – деді Станислав Черчесов.
Федерация басшылығымен кездесу
Станислав Черчесов қаңтар айының басында ҚФФ-ның жаңа басшысы Марат Омаровпен кездесу өткізгенін атап өтті. Олар наурыз айында өтетін ойындарды талқылаған. Бірақ бүгін Мәскеуде ҚФФ Бас хатшысы Саян Хамитжановпен жүздесіп, қызметінен кету туралы әңгіме болғанын айтты.
«Федерацияның ресми сайтында келісімшарт екі жақтың келісімімен үзілді деп жазылғаны шындыққа сай емес. Бірақ мұндай жағдайлар футболда жиі болады. Марат Омаровпен сыйластықта қаламыз», – деп түсіндірді Черчесов.
Черчесовтың қызметі мен нәтижелері
Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне 2024 жылдың жазында тағайындалған болатын. Дегенмен, сол уақыттан бері ұлттық құрама бірде-бір матчта жеңіске жетпеген.