Қазақстан көрермендеріне «Сүлеймен сұлтан» және «Мың бір түн» телехикаялары арқылы танылған түрік актері Халит Эргенч төңірегінде дау туындады. Соңғы бірнеше аптада түрік ақпарат құралдарында оған қатысты шу басылмай тұр,деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Актер тергеуге не үшін шақырылды?
Zamin.uz басылымының мәліметінше, Халит Эргенч бұрынғы менеджері Айше Барымның ісіне байланысты тергеуге алынған.
Айше Барымға:
2013 жылы Түркияда билікті құлатуға бағытталған төңкеріс ұйымдастыруға қатысы бар,
Үкіметке қарсы наразылықтарды қолдаған,
Түрік киноиндустриясын монополияға айналдыруға әрекеттенген деген айыптар тағылуда.
Осыған байланысты Түркияның Бас прокуратурасы онымен бірге жұмыс істеген әртістерді жауапқа шақырды.
Халит Эргенчке қандай айып тағылды?
Алғашында Халит Эргенч тергеуге куәгер ретінде шақырылған. Ол Айше Барымды жақсы адам деп атап, оған тағылған айыптарды жалған деп мәлімдеген. Алайда прокуратура оның наразылықтар кезінде Айше Барыммен тығыз байланыста болғанын алға тартып, «жалған куәлік берді» деп айыптады.
Егер актер өз кінәсіздігін дәлелдей алмаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Айше Барым не үшін қамауға алынды?
Айта кетейік, Айше Барым 2024 жылғы 27 қаңтарда қамауға алынды. Оған 2013 жылы Ыстамбұлдағы Гези саябағында наразылықтар ұйымдастырып, билікті құлатуға тырысты деген айып тағылды.
Халит Эргенчтің тағдыры алдағы тергеу нәтижелеріне байланысты болмақ.