Батыс Қазақстан облысында халықты эвакуациялау басталды. Өзен жағасындағы елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
БҚО әкіміндігі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткеннің сөзінше, Орал қаласынан бөлек тағы төрт ауданда қауіпті жағдай қалыптасып отыр.
«Жайық өзенінің бойына жақын орналасқан Орал қаласында және облыстың 4 ауданында су тасқыны қаупіне орай күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде облысымызға жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, бүгін Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтады. Қазір төтенше жағдай қызметі, күштік құрылымдар мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», – деді Е. Таткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, су тасқынына қарсы жұмыстарға өңірімізден және республикамыздың басқа аймақтарынан жалпы саны 6 389 адам және 1403 техника, оның ішінде 645 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ еріктілер мен қарапайым азаматтар да қолдан көмектерін аямай жатыр.
«Жаңа ғана маған ақпарат келіп түсті. Қала әкімдігі дәл қазір тұрғындарға үндеу жасапты. Ресейдің Орынбор аймағынан су 2-3 күнде келетіндіктен, Орал қаласындағы қауіпті аймақтардың тұрғындары дереу қауіпсіз жерлерге көшірілуі тиіс екенін хабарланған. Атап айтқанда, Орал қаласындағы Жайық өзені бойындағы саяжайлардың, су басу қаупі жоғары Курени, Старица, Коминтерн аудандарының тұрғындары шұғыл арада эвакуациялануы қажет. Судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйлерді су басуы мүмкін деген хабар тарап жатыр. Осыған байланысты облыс орталығында эвакуациялық пункттер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды», – деді баспасөз қызметінің басшысы
Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша су тасқыны басталғалы бері 14 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Эвакуациялық пункттерге 2 мыңнан астам адам орналасты. Қалған тұрғындар өздерінің жақындары мен туысқандарының үйлеріне көшті.
«Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы атқарылып жатыр. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев барлығын өз бақылауында ұстап отыр. Өзен жағасындағы елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жалғасады», – деді Ерхан Таткен.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қауіп Ресей аумағынан келетін судан болуы мүмкін екені айтылды. Үлкен су ағыны облыс аумағына 15-20 сәуірде келуі мүмкін деп болжанған.