Ресей әскері Украинаның Сумы қаласының орталығына ауыр зымырандармен соққы жасады. Салдарынан 34 адам қаза тауып, 117 адам жарақат алған, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Украина ішкі істер министрі Игорь Клименко ресейліктер Сумыға баллистикалық қарумен екі рет соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, жарақат алғандардың саны әлі де өсуі мүмкін. Украина төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, салдарынан екі баланы қосқанда 34 адам қаза тауып, 117 адам жарақат алды. Оның 15-і — бала.
“Соққылар қаланың дәл ортасына жасалды. Бүгін — мереке, көп адам сыртта жүрген, жақын маңда шіркеу орналасқан, онда рәсім өтіп жатты. Ресейліктер бейбіт тұрғындарды нысанаға алып, дәл осы сәтте соққы жасады”, — деді Клименко.
Украина президенті Путиннің АҚШ-тың толық әрі шартсыз бітім жөніндегі ұсынысын елемей келе жатқанына екі ай уақыт болғанын айтты. Басылымның мәліметінше, Сумы қаласына жасалған соққы Сум мемлекеттік университетінің конгресс-орталығына тиген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, онда балаларға арналған сабақтар жиі өтеді.
“Мұндай әрекетке нағыз оңбаған ғана бара алады. Қарапайым адамдардың өмірін қию адамшылыққа жатпайды. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қазір құтқару операциясы жүріп жатыр. Барлық тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр”, – деді Зеленский.
Ол АҚШ пен Еуропа және басқа елдер соғыс пен адамдардың өлімін тоқтату керегін айтты. Ресейге қысым көрсетілсе ғана бейбітшілік орнайды дейді ол.