Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта ұйымдастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Жарлыққа сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосылады. Соның негізінде жаңа құрылым — ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, салааралық үйлестіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту секілді бірқатар өкілеттіктер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
ҰҚК мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп, бір ай ішінде:
-
Қызмет туралы жаңа ережені,
-
Штат санын қайта бөлу туралы ұсыныстарды
Президент қарауына ұсынуға міндетті.
Сондай-ақ, екі ай ішінде осы өзгерістерді жүзеге асыру бойынша қосымша шаралар қабылданады. Жаңа заң жобасы 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әзірленіп, Мәжіліске енгізілуі тиіс.