Мұхамеджан Тазабек марқұм Мұхтар Мағауин туралы жазған пікірінің жаппай таралып, мыңдаған мақала, жүздеген сайтқа арқау болды, өзінің жазбасы милиондаған адамның миына «қозғау салды» деп мақтанды. Ол өзгелерден өзінің елге пайдалы адам екенін түсінуді сұрады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық порталы.
Мұхамеджан Тазабек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасын ТОП ондыққа кіріп тұрған тұғыры екенін айтып мақтанды. Ол өзіне түрлі ат қойып, айдар тағып сынайтындарға өкпесі барын жасырмаса да, кек сақтамайтынын айтты.
«Фейсбук — жәй бақылап отырған алаңым емес, алпыс мың оқырманым бар, қаншама адам сеніммен тіркеліп, қызығушылықпен тақым қысып отырған, ТОП ондықта тұрған тұғырым ғой. Мен ештеңеге таң қалмадым. Ренжімедім де. Бірінші рет емес. Боп жүрген бопса, көріп жүрген құқай! Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Күтілген нәрсе, баяғыдан бар — ақпараттық көкпар, дуылдасқан пікір додасы ғана.
Өзіміз Құдайдан сұрап алған — пікір еркіндігі, сөз бостандығы, ой-тұжырым алуандығы деген осы емес пе?!Керісінше күшті ғой. Бір пост мыңдаған мақалаға, жүздеген сайттарға, ондаған подкасттарға талғажу болып, талқыланып, миллион адамдардың миына қозғау салды. Мұндай ықпал, мұншалықты назар, аузы дуалы дегендердің өзіне арман боп, жоғарыдан қаржы алып отырған сайттардың өзі осыншама танымалдылыққа қол жеткізе алмай, күн сайын өтірік ат қойып, өнбейтін жаңалық таратып, әуре боп жатқан жоқ па?!», -деп реніші мен мақтанышын араластыра жазды ол.
Ол жазушы туралы тағы да пікір білдіріп, алдыңғы жазбаларына түсінік бере кеткен. Оның сөзінше, Мұхтар Мағауин елге ренжіген соң кеткен. Жазушыны сатқын ұрпақтың замандасы деп атады.
«Мағауин мұңлы ұрпақтың өкілі. Сапасыз сатқын ұрпақтың замандасы. Опа бергеніміз шамалы. Елге ренжіген жоқ деп ерекшелеудің керегі не? Ел деген — тек сүйген оқырманы ғана емес, жүйеге жүгенделген жазушылар, ақындар, ғалымдар. Болыспаған қаламгерлер.
Мәселе ренжігенінде емес, ренжіткенімізде. Мен соған акцент бердім. Ренжіте берсек, әлемдік деңгейдегі Мағауин ғана емес, мектепті жақсы бітірген бала да елде қалмайды. Қадірін білетін, қанын ішпейтін, қаржысын төлейтін, қақысын жемейтін жерге тайып тұрады», — деді ол.
Пост авторы өзін кетіруді қалайтын топтардың барын да айтып қалды. Мұхамеджан өзін елге зияны емес, пайдасы тиіп жүрген адам екенін өзгелердің ұғатын уақыт болды деп санайды.
«Ұзақ уақыттан бері ізіме түсіп, табанымды тайдырғысы келетін топтар бар. Жығылмаған сайын жыны ұстап, өлмеген сайын өшпенділігі артып жатады. Аяғаннан басқа амалым жоқ. “Тәңір баққан тоқтыны қасқыр жемес!” Алла қолдап келе жатқан, елге пайдалы екенімді түсінер уақыттары болды. Бірақ, “барды емес, іздегенін көретін” бәтшағарларға не айта аласың?! Ақты ақ, қараны қара деп білетін, сұңғыла жандар бәрін ұғынып отыр. Бірақ, олар белсенді емес, қара ниетті топтар ғана айғайшыл, арандатқыш, жөнге салғыш…
Пост жазып, мақала ұйымдастырып жатқан әйгілі аға-бауыр, апа- қарындастар ата жауым емес. Менің дәл ондай ұлтқа опасыз емес екенімді өздері де біледі, іштері де сезеді. Артында байқатпай жол сілтеп, қазақты қазаққа айдап салып, ақпараттық соғыс ұйымдастырып отырған топтар бар. “Ағайын ел еді ғой” деп, орыс пен украинға ренжиміз. Біздің олардан қай жеріміз артық?!», — деп ақтала жазған Мұхамеджан Тазабек.
Ол өзінің ешбір саяси топтарға, партияларға ермей, билікке жоламай жүретінін де айтты. Алайда ол кезінде Нұр Отан партиясының мінберінде сөз сөйлесе, алаңға шыққан адамдар және «құйрықтап тебу» жайлы лекцияны ІІМ қызметкерлеріне оқыған еді.