Фото: Тodayinfo коллаж
«Дикая Азия» телеграм каналы қоғам белсендісі Дина Елгезек пен оның күйеуі, ақын Ақберен Елгезектің табысы, отбасылық бизнестері туралы мәлімет жариялады. Онда күйеуінің билікпен ауыз жаласқаны, ал оның әйелі Дина Елгезек билікті «сынап» отырғаны, осылай екеуінің екі жақтап мол табысқа кенеліп келе жатқаны жазылған, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Тіл мәселесін дабыра етіп, жұрт алдында көсемсіп жүретіндердің бала-шағасы орысша шүлдірлеп жүргеніне таң қалуды қойғанбыз. Ал «Халқым!» деп күңіреніп жүргендер сол халықтың үстінен пайда тауып, екі жеп, биге шығып жүргенін көргенде, айтарға сөз таппай қалады екенсің», — деп басталатын жазба қаз-қалпында берілді:
Әңгіме басқа емес, өздерін «қоғамдық лидер», «шығармашылық элита» өкілдері санайтындар туралы болса, тіпті қиын. Ақын, біраз жыл Жазушылар одағы төрағасының орынбасары болған Ақберен Елгезек пен оның әйелі, журналист және блогер Дина Елгезекті былайғы жұрт сырттай жақсы біледі, тіпті «ұлттың қамын ойлайтын азаматтар» деп сыйлайды.
Бірақ Елгезектер отбасының «бизнес империясы» туралы екінің бірі біле бермес. Мысалы, осы отбасыға тиесілі төрт бірдей компания тіркелген: «Abai baspasy» ЖШС, «Alim Best» ЖШС, «Tengri Gold» ЖШС және «ULT MEDIA» ҚҚ. Жақында белгілі болғанындай, бұл компаниялардың табысы 1 млрд теңгеден асқан. Яғни, ресми түрде екеуі де еш жерде жұмыс істемейтін Елгезектердің тасы өрге домалап тұр. Алысқа бармай-ақ, Алматыдағы кең сарайдай үйінің өзі неге тұрады.
Бизнес жасап, пайда тапса, онда тұрған не бар дерсіз? Мәселе сонда, әлгі 1 млрд теңгенің 610 млн теңгесі – таза мемлекеттік бюджеттің, яғни сіз бен біз сияқты салық төлеушілердің жарнасынан құралған ақша. Оның 413 млн-ы «Абай баспасы», 186 млн.-ы – «ULT MEDIA» қоғамдық қоры, 11,2 млн-ы – «Tengri Gold» ЖШС арқылы түскен.
Нақты дәйек керек болса, бір ғана «Абай баспасын» мысалға алайық. Қағаз жүзінде оны өз баспаханасы бар, көркем әдебиет шығаратын баспа делінсе де, шын мәнінде, не кітап басатын баспаханасы не баспа ісіне қажетті құрал-жабдығы жоқ, әйтеуір, Алматыда айына 300 мың теңгеге жуық жалға алу ақшасын төлейтін кеңсесі ғана бар.
Іс жүзінде, бұл баспа басқа жақтан шыққан кітаптарды өз өнімі етіп көрсетіп, оны мемлекетке бағасын аспандатып сатумен айналысады.
Ақберен Елгезек бұрын мемлекеттік қызметте болған кезінен қалыптасқан тамыр-таныстығын (әкімдіктер, Тұңғыш Президент қоры, «Нұр Отан» партиясы, Президент Әкімшілігі т.б.) пайдаланып, қазіргі әкімдіктермен ауыз жаласып, мемлекеттік тапсырыс алуға әбден машықтанған.
Мысалы, Алматы облысы әкімдігінен 112 млн теңге, Маңғыстау облысы әкімдігінен 92 млн теңге, Қызылорда облысы әкімдігінен 81 млн теңге, Жамбыл облысы әкімдігінен 67 млн теңге алған. Санай берсек, басқа да әкімдіктерден алған миллиондары жетеді.
Былтырғы жылы бюджеттік ұйымдарға 222 млн теңгеге кітап сатыпты. Бір кітаптың өзіндік құны 1300 теңге болғанда, оларды мемлекетке 4000-6000 теңгеге сатып, шаш-етектен пайдаға кенелген.
Бір ғана «Алтын тасқын» деген кітаптың әр данасын 1272 теңгеге сатып алып, оны әкімшілік ресурс арқылы 6200 теңге шамасында сатқан. Өзі еңбекпен шығармаған кітапты 5 есе қымбаттатып сатып, орта жолдан 9,3 млн. теңге пайда тапқан!
Тағы бір мысал. 23 кітапхана мен білім орталықтарына «Пәлсапа тасы» деген беймағлұм кітапты 4 есе қымбатқа сатып, 1225 кітаптан 6,6 млн. теңге пайда тапқан.
Ешкімге керегі жоқ бұл кітаптар қазір бөлшек сауда дүкендерінде, мысалы, «Меломанда» әлдеқайда арзан бағамен өтпей тұр.
Осы жерде баспа ісімен жылдап айналысып жүрген әріптестер болса айта жатар, саусақ қимылдатпай, мұншама пайдаға кенелу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін Елгезектікіндей «схема» жасау керек.
Бұл схема өте қарапайым. Ақберен әкімдіктерді «сындырып», мемлекеттік тапсырыспен ақша түсіреді, онысымен де қоймай, әр кітаптың құнын 4-5 есе қымбат етіп көрсетіп, оңай олжаға кенеледі.
Ал Дина Елгезек бұл кезде әлеуметтік желіде биліктегілерді сынап-мінеп, жер-жебіріне жетіп, «елдің ақшасын жеген жемқор шенеуніктер» туралы түрлі пост жазып, «қаһарман» болып отырады. Байқасаңыз, Дина биліктегілерді түгел сынай бермейді, оның «сын садағына» ілінетін «таңдаулы» адамдар бар, бірақ ол ешқашан «тиіспейтін» немесе «тиісе алмайтын» адамдар да бар. Бәрі субъективті. Әрине, отбасылық бизнеске ақша құйып тұрғандар Елгезектердің «қара тізіміне» ілікпейді.
Сонда дейміз-ау, «елім, халқым» деп «шырылдап» жүргендердің тірлігі осы болса, басқаларға не жорық?
«Ақынмын» деп күңіреніп, «жүрек туралы» әңгіме қозғап жүргендердің сөзі бір басқа да, ісі – екі басқа болса, олардан не қайыр, не үміт?
Егер Елгезектердің осы айтылғандарға қарсы уәжі болса, айтсын. Бірақ баяғы әдеттеріне салып, «Бізді саяси көзқарасымыз үшін қудалап жатыр!» деп құр байбаламға салса, онда «Елгезектер схемасы» тағы да іске қосылды дей беріңіз.