Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев мемлекет қаражатына түсірілген фильмдердің сапасына сын айтты.
«Кино — өнер. Кино — бизнес. Кино — идеологияның негізгі құралы. 2023 жылғы 17 маусымда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалау қажет екеніне нақты тоқталды. Бірақ бұл саладағы айқай толастар емес. Кино түсіргісі келгендер көбейгенмен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр. Мемлекеттен бөлінетін қаржының көбі „өз араларында“ қалып жатқандай көрінеді. Өйткені, Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халықтың қолдауына ие емес. Тіпті, халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз. Мәселен, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы, оның бәрі 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген», — деді Д. Мұқаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, Atlas entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі 10 миллион теңге. Бұл — кеткен соманың 1 пайызы ғана.
Sataifilm түсірген «Боксшы» фильміне 900 млн жұмсалса, кассалық жинақ небәрі 25 млн теңгені құрады. Кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады.
«Сондай-ақ, Медет фильм түсірген „Лето 1941-го“ отандық киносына 700 млн қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылған. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз. Мұнымен қоса, „Жизнь“ фильміне 500 миллион кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңгені құраса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс. Сонда сіз болып, біз болып „Жизнь“ деген фильмге бюджеттен жарты млрд кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?! Яғни, мемлекеттен бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді де халықтың көріп қуанып жатқаны шамалы, отандық киноөндіруші ұйымдардың кинотеатрда фильм көрсетуінде тағы өзіндік проблема бар. Ол — жарнаманың әлсіздігі, оған арнайы қаражаттың қарастырылмауы. Мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің жарнамасы жоқтың қасы. Қаншама фильм түсіріліп, шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм — тек „Досмұқасан“ ғана. Биылғы Ұлттық кино орталығының питчингті өте сәтті ұйымдастырғанын көрдік. Фильмдер әділетті әрі әлеуметтік желіде ашық таңдалды. Сондықтан, жаңа басшылыққа жоғарыдағы мәселелерді қатаң ескеру қажеттігін айтамыз», — деді депутат.
Оның пайымынша, мемлекеттен қаржылық қолдау алуға үмітті киножобаларымен келген киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизімін жетілдіру қажет.
Todayinfo.kz