Елімізде темір жол саласында жұмыс істейтін жолсеріктердің саны белгілі болды, деп хабарлайды Todayinfo.
Теміржол саласы – тәртіп пен жоғары жауапкершілікті талап ететін сала және бұл жүйенің тұрақты жұмыс істеуінде әйелдердің рөлі ерекше. Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да 3,5 мыңнан астам әйел жұмыс істейді, олардың ішінде 1256 жолсерік пен 401 касса қызметкері бар. Олар жолаушылар тасымалының үздіксіз қызмет етуіне күн сайын өз үлесін қосып, сапарлардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.
«Жолсеріктің жұмысы тек билет тексеріп, вагондағы тәртіпті бақылаумен шектелмейді. Олар ай сайын 170-180 сағат жолда өткізіп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін отбасынан жырақта еңбек етеді. Көп жағдайда жолсеріктер жай ғана қызмет көрсетуші емес, жолаушыларға сенімді серікке айналады. Олар қажет болған кезде психолог, бала күтуші, тіпті дәрігер қызметін де атқарады», -деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Соңғы үш жылда пойызда 14 нәресте өмірге келген. Мұндай күтпеген жағдайда жолсеріктер шұғыл әрекет етіп, аналарға қолдау көрсетіп, сәбилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Айта кетерлігі, бұл жауапты сәттерде көмек қолын созған жолсеріктердің көбі өздері де көпбалалы аналар еді.
«Теміржол саласының ажырамас бөлігі – касса қызметкерлері. Олар билет рәсімдеумен қатар, жолаушыларға бағыттар мен қозғалыс кестесі туралы ақпарат беріп, сапардың жайлы өтуіне ықпал етеді. Бүгінде елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін 165 касса бар және олардың үздіксіз қызметі – екі ауысымда еңбек ететін әйелдердің табанды еңбегінің нәтижесі», -делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Теміржол саласында еңбек ететін әйелдер күн сайын түрлі қиындықтарға тап болғанымен, өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығының арқасында саланың маңызды тірегіне айналған. Олардың тынымсыз еңбегі мен жоғары жауапкершілігі миллиондаған жолаушылардың қауіпсіз әрі жайлы сапарын қамтамасыз етеді.
Фото: ҚТЖ