Фото: gov.kz
Жетісу облысында Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев зорлаған қызға қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Еске салайық, 2023 жылдың қарашасында Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен ұсталды. 2024 жылы сәуірдің аяғында Күштібаев кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Күштібаевтың әйелі бұған дейін ол әйелдің зорланбағанын, өз еркімен жыныстық қатынасқа түскенін айтып, күйеуін қорғаған еді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Күштібаевқа қатысты сот процесі жүріп жатқан кезде, оның жұбайы жәбірленушіге 40 миллион теңге беріп, айғақтарын өзгертуді сұраған. Бұл қаражат сот хатшысы арқылы табысталған. Алайда жәбірленуші ақшаны алып, айғақтарын өзгертпеген.
Осыған байланысты сот хатшысы құқық қорғау органдарына жүгініп, жәбірленушіні, оның адвокатын және Күштібаевтың әйелін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады.
Бұл іс бойынша жәбірленуші күдікті ретінде танылды. Қылмыстық іс «Алаяқтық» бабы бойынша қозғалды. Онда сот хатшысы, жәбірленуші және оның сүйіктісі күдікті болып танылған. Ал Күштібаевтың әйелі жәбірленуші мәртебесінде.
Көксу аудандық сотында бұл істер бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Келесі сот отырысы 13 ақпанға белгіленген.
Ақпарат көзі: Orda.kz.