Талғарда тағы да елді дүр сілкіндірген қылмыстық іс тіркелді. Бейресми мәлімет бойынша күдіктілер тойда оқ жаудырған, салдарынан 4 адам жарақат алды, деп хабарлайды Todayinfo.
1962, 1989, 1983 , 1969 жылы туған төрт ер адам ауруханаға түскен.
Облыстық полиция оқиғаның той үстінде болғанын жоққа шығарды.
«Аталған факті бойынша полицияда қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталды. Төрт күдікті ауруханаға жатқызылып, қазір олар күзет қарамағында жатыр. Бір фигурант уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Полиция болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу және жедел шараларды жүзеге асыруда. Барлық кінәлілер заң шеңберінде жауапқа тартылады.
Сонымен қатар, оқиға той кезінде болған деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Тергеу мүддесіне сай өзге мәлімет жария етуге жатпайды»,- деді құқық қорғау органынан.