Фото: видео скриншот
Мәжілісте Құрылыс кодексін талқылау кезінде күтпеген жағдай қоғамның назарын аудартты. Онлайн жұмыс тобының отырысына қосылған мамандардың бірі кадрға үйдегі күйінде – майкамен, алдына тамағын қойып шыққан. Бұл сәтті Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев видеоға түсіріп, желіде бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Депутат бұл жағдайға тіксініп емес, керісінше ойға қалғанын айтады. Оның пікірінше, бұл — тәртіпсіздік емес, ашықтық пен қолжетімділіктің жаңа деңгейі.
«Бейсенбіде өткен жұмыс тобының отырысында таңқаларлық сәт болды. Бір маман үй жағдайында – майкамен, жанында тамағы мен сусыны. Солай отырып пікір тыңдап, талқылауға қатысып отыр. Бұрын-соңды ондайды көрмеппін. Бұл — кәсіби талқылауға кез келген жерден қосылуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді», — деп жазды Әлиев.
Ол заң жобаларын бұрын тек кабинетте ғана талқылайтындарын айтып, бүгінгі форматтың басқаша екеніне тоқталды:
«Бүгінде кім қай жерде отырса да — үйде ме, жолда ма, кеңседе ме — бір сәтте кәсіби пікірін білдіре алады. Бұл Мәжілістің шын мәнінде ашық және демократиялық жұмыс істеп жатқанын дәлелдейді. Маған бұл сәт реформалардың мазмұнын айқын көрсеткендей көрінді».
Желі қолданушылары бұл көріністі екіұдай қабылдады.
Бірі әзілдеп:
— «Мен армандайтын пофигизм деңгейі»,
— «Нағыз Жаңа Қазақстан», — деп жазса,
кейбіреулер керісінше сын айтты:
— «Бұл – құрметсіздік»,
— «Мәдениетсіздік қой», — деп пікір қалдырды.
Ал тағы біреу қатысушыны “сертификатталған пофигист” деп атап, «өз вайбында отыр екен» деп әзілдеді.

