Белгілі журналист, ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігінің басшысы Әсет Матаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Todayinfo. Журналистің наразылығына Екібастұзда ашылған жаңа өндіріс орнына мемлекет қазынасынан қыруар қаржының бөлінуі себеп болған.
«БРК – таңдаулылар банкі»
Ашық хатта айтылғандай, жақында Екібастұз қаласында ферросилиций өндіретін зауыт іске қосылды. Салтанатты шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен экс-мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің інісі, бұрынғы сенатор Ерлан Нығматулин қатысқан.
Автордың дерегінше, жобаның жалпы құны 92,2 миллиард теңгені құраса, соның 72 миллиард теңгесі (80%-ы) «Қазақстанның Даму Банкі» (БРК) арқылы мемлекет есебінен қаржыландырылған.
«Қаңтар оқиғасынан кейін сіз БРК-ны «таңдаулыларға арналған банк» деп атап едіңіз. Көріп отырғанымыздай, Нығматулиндер әлі күнге дейін мемлекеттің толық қолдауына ие. Зауыттың ашылуын мемлекеттік арналар жарнамалап, облыс әкімі қатысуда, ал қаржының басым бөлігі халық қазынасынан алынған», – деп жазылған хатта.
«Ескі Қазақстан» және 166 әулет
Журналист Президенттің «Әділетті Қазақстан» құру туралы бастамасы мен ел байлығына иелік еткен «166 отбасы» туралы сөзін еске салды. Алайда, оның пікірінше, сол әулеттер, соның ішінде Қарағанды өңіріне ықпалын жүргізген Нығматулиндер отбасы әлі де саяси және экономикалық сахнадан кеткен жоқ.
Рейдерлік және қуғын-сүргін
Хат авторы 2016 жылы «ҚазТАГ» агенттігі мен Ұлттық баспасөз клубына жасалған шабуылдың артында дәл осы топтар тұрғанын атап өтті.
«Олардың мақсаты билікке келу болды. Біз олармен ымыраға келмегеніміз үшін дүние-мүлкімізден айырылдық, денсаулығымызды жоғалттық. Мен екі жылымды, ал әкем бір жылын түрмеде өткізді. Әкем екі инсульт алды, жақында қайтадан ауруханаға түсті. Бұл – Шындық пен Сөз бостандығының құны еді», – деді Әсет Матаев.
Журналист өз хатын «Әділетті Қазақстанды» ескі олигархтармен бірге құру мүмкін емес деген оймен қорытындылап, Президенттен қалыптасқан жағдайға назар аударуды сұрады.

