Жамбыл облысында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету басты мәселелердің бірі болып отыр. Биыл 24 ауылдық елді мекенде және Тараз, Шу қалаларының 9 тұрғын алқабында ауыз сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жобаның құны 13,9 миллиард теңге. Нәтижесінде, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Todayinfo.
«Биылғы жұмыстардың мақсаты – ауылдық және қалалық елді мекендердің тұрғындарына сапалы ауыз су жеткізілуін қамтамасыз ету», – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Газдандыру бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Облыстың алты ауданында 14 жоба жүзеге асырылуда, жалпы құны 20,5 миллиард теңге. Жұмыстар нәтижесінде газбен қамту деңгейі 91,3 пайыздан 91,8 пайызға дейін өседі.
Жылу инфрақұрылымы да жаңартылуда. Облыстың қалаларында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырым, тозу деңгейі 54 пайызды құрайды. Биыл Тараз қаласында М-1 негізгі жылу магистралін жаңарту және жаңа мөлтек аудандарда жылу желілерін кеңейту бойынша жұмыстар аяқталды. Қаратау қаласында мазут шаруашылығы мен орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өтті. М-3 жылу желілерін жаңарту жұмыстары да жүргізіліп, жоспарланған 1,4 шақырымның жартысына жуығы аяқталды. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 53 пайызға төмендейді.
Автомобиль жолдары саласында да белсенді жұмыс жүріп жатыр. Облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Биыл жол саласына 28 миллиард теңге бөлініп, 182 жоба іске асырылды. Құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары арқылы 460,2 шақырым жол қамтылды, оның ішінде 17,7 шақырым жаңа жол салынып, 8 шақырым қайта жаңғыртылды, 434,5 шақырым орташа жөндеуден өтті. Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 99,5 пайызға, көше-жол желісі 89 пайызға жетеді.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл шаралар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік осал топтарды қолдауға және ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Фото: Freepik

