Таразда шу шығарған қыз ұрлау оқиғасының жаңа деректері белгілі болды. Бойжеткенді үйлену мақсатында алып қашқан үш алматылық жігіт сот шешімімен үй қамаққа жіберілді. Алайда, жәбірленушінің айтуынша, бұл жағдай «түсініспеушілік» болған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Тараздағы аялдамада тұрған куәгерлер белгісіз біреулердің бойжеткенді көлікке күштеп отырғызып, алып кеткенін көрген. Оқиға кезінде қыз айғайлап, көмекке шақырған.
Тілшілердің анықтауынша, бойжеткенді тұрмысқа беру үшін ұрлаған. Бұл іске қатысты Алматының үш тұрғыны ұсталды. Жақында сот оларды үй қамаққа жіберу туралы шешім қабылдады.
«Бұл жай ғана түсініспеушілік»
Дегенмен, істің мән-жайы басқаша болып шықты. Тараптар бір-бірін таниды және бір-біріне ешқандай талап-арызы жоқ екені белгілі болды.
Бойжеткеннің айтуынша, бұл жай ғана түсініспеушілік болған. Ол өзін алып қашқандарды бастапқыда танымаған, сол себепті қорқып, көмекке шақырған. Тек кейінірек ғана ол жігітінің достары екенін түсінген.
«Көлікке отырып, біраз жүрген соң, рөлде алты жылдан астам танитын жігітім отырғанын көрдім. Біздің келісіміміз болған, тіпті тойды да талқылағанбыз. Бірақ бәрі көктемге қалдырылғандықтан, мені ұрлап кетеді деп ойламадым. Бағдаршамға тоқтағанда, мен көліктен түсіп, үйіме кетіп қалдым», — дейді бойжеткен.
ІІМ істі бақылауға алды
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі бұл резонансты іс басшылықтың ерекше бақылауында екенін хабарлаған. Қазіргі уақытта «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

 
									 
					
