Фото: istockphoto.com
Тараз қаласында екі жас әйел топтық зорлауға ұшырады. Бұл іс бойынша үш ер адам айыпталып, олардың барлығы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Оқиға 2023 жылдың қазан айында болған. Prokadrykz телеграм арнасының мәліметінше, қыздар туған күндерін тойлаған кафеде күзетші оларға үйге жеткізуді ұсынған. Қыздар бұл ұсынысты қабылдағанымен, күзетші жолда үш танысын шақырып, оларды қонақүйге апарған. Сол жерде қыздар зорлықтың құрбанына айналған.
Айыпталушылар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, ешқандай күш қолданбағандарын және бәрі өзара келісіммен болғанын мәлімдеді. Ал жәбірленушілер видеожазбалар жарияланатыны туралы қорқытылғандарын, сондықтан жақындыққа мәжбүр болғандарын айтты.
Кейін қыздар шағымдарынан бас тартып, айыпталушыларды соттамауды сұрады. Олар некеге тұрғандарын растайтын куәліктерін де ұсынған.
Алайда сот куәгерлердің айғақтарына, сараптама нәтижелеріне және басқа да дәлелдерге сүйене отырып, қылмыстың адамдар тобы тарапынан жасалғанын және жәбірленушілердің дәрменсіз күйі пайдаланылғанын анықтады.
Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі бойынша сараланып, сот үкімімен:
Екі айыпталушы 6 жылға,үшінші айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар жазаларын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.