Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кұзетшісі шетелдік туристермен ағылшын тілінде сөйлесіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген еді. Енді ол тағы бір шет тілін үйренуді бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Түркістан – нағыз туристік қала. Оның тіпті күзетшілеріне дейін ағылшын тілінде сайрап тұр. Қалаға келген туристерге оның тарихы мен әр жәдігері жайлы ағылшынша мүдірмей айтып берген оның видеосы әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Инстаграмм, Тик-ток желісінде жұртты таң қалдырған кейіпкердің аты жөні – Шер Ілясов. Ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қызмет етеді. Көптің көкейіндегі бір сұрақ ол ағылшын тілін қайдан үйренді? Ең қызығы ана тіліндей сайрап тұрған ол ағылшыншаны өз бетінше үйреніпті. Оған себепте жоқ емес.
«Көріп жатқан ақпаратты түсінгім келген болар, бала кезден естіген әндерімізді түсінгім келгені себеп болған шығар деп ойлаймын. Ұл мен қызым бар, менің мақтаныштарым. Олар өзіміздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті оқыған кезінде кейбір сұрақтар туындады. Сол кезде мен ойладым. Неге осы тілді үйреніп алмасқа? Өзім үйреніп соларға түсіндірмеске? Ал түсіндіру үшін білуім керек ғой тілді. Сол да бір септігін тигізді ма деп ойлаймын. Бұрыннан қызығатынмын осы тілді үйренуге» — дейді ағылшын тілінде сөйлей алатын күзетші.
Ол өзі Түркістанның тумасы екен. Жасы 55-те. Бір ұлы, бір қызы бар.
«Іскер» агенттігі фирмасында еңбек етеді. Одан бұрын қалалық қоғамдық көлікте жүргізуші болып еңбек еткен. Кесенеде еңбек еткеніне үш айдай болған. Шер Ілясов бабамыз Қожа Ахмет Яссауи мен қазақ хандары жерленген кесенеде жұмыс істеу үлкен мәртебе деп біледі. Әрі кесенеге келген қонақтардың сұрағына жауап беріп, ағылшын тілінде білмегенін үйреніп аламын дейді.
«Жұмыс барысында келген қонақтар, туристер сұрақтар қояды. Соларға жауап беремін. Солардан білмегенімді үйренемін. Содан әрбір кездескен адам кішкене болса да маған ұстаз. Келесі кездескен адамнан білмгенімді үйренемін. Олар маған үйретеді. Өз жұмысым ұнайды» — дейді түркістандық күзетші.
Білім алу жаспен шектелмейді. Шер Ілясов осыдан бес жыл бұрын ағылшын тілін үйренуге ден қойған. Қазір жасы елу бесте. Енді әлемнің көп елдері білетін испан тілін меңгергісі келеді.
Ілияс Шер тың ұсыныстар болса басқа жұмысқа ауысуға дайын екенін айтты. Әлі ұсыныс түспеген. Оны жоғары білімінің жоқтығымен түсіндіреді.
«Жоғары білім жоқ болған соң кім алады жұмысқа? Дұрыс қой енді. Ол үшін растайтын құжат болу керек. Алла нәсіп етсе, ұсынысттар болар. Адамның басы – Алланың добы дейді. Неге болмасқа? Халыққа жарасақ, қызметіне дайынбыз. Тарихты түсіндіруге даярмыз. Ел өссін, мемлекет көркейе берсін. Әлемге танымал бола берейік», — дейді ол.