Тасқынға байланысты елдің 8 өңірінде жергілікті ауқымдағы 29 төтенше жағдай режимі енгізілген. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Соңғы мәлімет бойынша, азаматтық қорғау қызметтері 97 мыңнан астам адамды, оның ішінде 32 мыңнан астам баланы құтқарып, эвакуацияланды. Қазіргі таңда уақытша орналастыру бекеттерін 7173 адам, оның ішінде 3494 бала паналап жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің және жергілікті атқару органдарының күшімен 8 млн 800 мың текше метрден астам қар суы сорылды. 1 млн 400 мыңнан астам қап және 1 млн 100 тонна инертті материал төселді», — деді ол.
ТЖМ өкілі тасқын салдарымен күреске 215 әуе көлігі тартылғанын атап өтті.
«Авариялық құтқару жұмыстарына 27 мыңнан астам адам, 3 мыңға жуық техника және 15 әуе кемесі жұмылдырылған. Еліміздің 8 өңірінде: Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстарында жергілікті аумақтағы 29 төтенше жағдай режимі енгізілген», — деді Ерасыл Сайпаш.