Коллаж: Qaz365.kz
Бұған дейін БАҚ Семей қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатындағы зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарлаған болатын. Ақпаратта оқушыны қорлау, бопсалау және физикалық зорлық-зомбылық жағдайлары жайлы айтылған. Бұрынғы тәлімгер журналистерге аты-жөнін ашық жариялмауды ұсына отырып, басынан өткен азапты айтқан, деп хабарлайды Todayinfo.
Бұрынғы тәлімгер жоғары сыныптағы оқушылар тарапынан жүйелі қорқытуға ұшырағанын, сонымен қатар мектепте физикалық және психикалық қысымға тап болғанын айтады. Қазір ол АҚШ-тағы университетке шақыру алған, онда ол ұшқыш болу үшін оқуды жоспарлап отыр және әскери адам болу арманын жүзеге асырмақ.
Алайда ол, қоғам назар аудару үшін өзінің басынан өткен жағдайды ашып айту керек деп санайды. Бұрынғы оқушының айтуынша, мектепте зорлық-зомбылық жүйелі болған.
«Олар мені тұншықтырып, ұрып-соқты, бетім мен мойынымда көгерген іздер қалдырды. Мен түсіндірме хаттар жаздым, онда кінәлілерді көрсеттім. Бұл құжаттар мектеп мұрағатында сақталуы керек», – деді жасөспірім.
Кінәлілердің арасында әлі сол мектепте оқитын Р.М. мен екі жыл бұрын оқудан шығарылған Б.Е. есімді адамдардың аты аталған. Бұрынғы тәлімгер мектепте зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді тетігінің жоқтығын алға тартады.
«Соғудың көбі бақылау камералары жоқ дәретханаларда болған. Біз жағдайды бақылау үшін камералар орнатуымыз керек, әсіресе мұндай жерлерде», — деді ол.
Qaz365.kz редакциясы да түсініктеме алу үшін мектеп директоры Бауыржан Дүйсебаевқа хабарласқан. Алайда, ол аталған уақыт аралығында қызмет атқармағандықтан, сипатталған фактілердің көбінен бейхабар екенін айтты.
«Жас ұлан» мектебінің бұрынғы оқушысы жоғары сынып оқушыларының зорлық-зомбылық көрсетіп, бопсалағаны туралы полицияға арызданған. Алайда ешқандай шара қолданбаған. Тәлімгерді ұрып-соққан баланың кешірім сұраған видеосы «дәлелге жатпайды» деп шешкен.
Жәбірленушінің өтінішіне орай Абай аудандық полиция департаменті мынаны хабарлады:
«Тергеу барысында барлық әрекеттер 2022 жылдың қарашасында болғаны анықталды. Кәмелетке толмағанның және оның заңды өкілдерінің медициналық тексеруден өтуден бас тартуына және бұл факті бойынша ешкімге талап-арызының болмауына байланысты аталған тұлғалармен мұндай оқиғалардың қайталанбауы жөнінде әңгіме жүргізілді. Шағымдарыңыз немесе өтініштеріңіз болса, заңды өкілдеріңізбен Семей қаласына келулеріңізді сұраймыз. Біз сіздің өтінішіңізді қарастырамыз».
Ал көрген қорлығына болға мектептен шығып кеткен әскери оқушы осымен тоқтауға ниеті жоқ екенін, құзырлы органдар барлық мән-жайды егжей-тегжейлі тексереді деп үміттенетінін жеткізді. Абай облыстық полиция департаменті мектепте бұзақылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Инстаграмға түскен өтінішті Абай облыстық полиция департаменті қарады. Оқу жылының басынан бері екі рет анонимді сауалнама жүргізілді. Нәтижелер бойынша студенттер арасында қорлау немесе бопсалау фактілері анықталған жоқ. Әлеуметтік қызметкерлер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен профилактикалық әңгімелер мен іс-шаралар өткізілді. Өтініште келтірілген уәждерді тексеру үшін арызданушыға құқық қорғау органдарына жазбаша арыз беру ұсынылады», — делінген хабарламада.
Жәбірленуші «Жас Ұлан» мектептеріндегі білім жүйесін реформалауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.
«Қазақстан армиясын өзгертеміз десек, осындай мектептерден бастау керек. Мен кінәлілер жазаланып, жүйе жақсарғанын қалаймын», — деп түйіндеді ол.