Бүгін елордада өткен жалпықалалық сенбілікке ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшылар белсене атсалысты. Олар Ғашықтар саябағында жиналып, аумақты тазалап, тұрғындарға үлгі көрсетті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Бұл шараға 100-ден аса спортшы, бапкерлер және спорт мектептерінің ұжымдары қатысты. Олардың ішінде Ливерпульде өткен әлем чемпионатында бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай, ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аңсар Тұрсынбек, каратэден Азия чемпионы әрі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Венера Жақсыбаева, пара дзюдодан Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей және Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада жүлдегері Василий Левит болды.
Василий Левит шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасына тоқталып, оның мән-маңызына ерекше назар аударды.
«Бүгін біз спорт мектептерінің жетекшілерімен, бапкерлерімен және спортшыларымен бірге “Таза Қазақстан” акциясы аясында жалпықалалық сенбілікке қатыстық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: “Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден, әр қаладан басталуы керек. “Таза Қазақстан” бір реттік шара болып қалмауы тиіс, ол өмір салтымызға айналуы қажет”, – деп атап өтті.
Біз осы үндеуді толық қолдаймыз. Өзіміздің ісімізбен үлгі көрсетіп, жастарға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйреткіміз келеді. Осындай акциялар адамдарды біріктіреді, қаламызды жайлы әрі әсем етеді» – деді ол.
Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай табиғатты қорғауды әркімнің азаматтық міндеті екенін айтты.
«Мұндай сенбіліктерге қатысып тұрамыз, шақырған жерден қалмаймыз. Тазалық әр адамның өзінен басталады. Әрқайсымыз өз ортамызды таза ұстасақ, Отанымыздың да келбеті жарқырай түседі», — деді спортшы.
Пара дзюдодан Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей сенбілікке қатысуды қоғамдағы мәдениеттің бір бөлігі деп санайды.
«Бұл біздің мәдениетімізді көрсететін іс. Қаламыздың таза болуы – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай шараға спортшылардан бөлек бапкерлер, басшылар, ұжым болып келдік. Бірігіп жұмыс істеу де ауызбіршілікті арттырады. “Таза Қазақстан” акциясын толығымен қолдаймын. Әрқайсымыз тұрған жерімізді таза ұстап, үлгі көрсетсек, қаламыз көркейе түседі. Саябақтарымыз таза болса, тұрғындар мен туристерге жайлы әрі тартымды болады», – деді спортшы.
Каратэден Азия чемпионы Венера Жақсыбаева тазалықты туған елін сүюмен ұштастырады.
«Бүгінгі сенбілікке “Таза Қазақстан” акциясын қолдауға келдім. Осылайша елордамыздың келбеттене түсуіне кішкентай үлесімді қосқым келеді. Айналамды таза ұстауды патриотизмнің бір көрінісі, еліңе деген махаббаттың дәлелі деп есептеймін. Туристер де, тұрғындар да таза, әдемі саябақта демалғанды қалайды. Сондықтан мұндай шараға қатысу біз үшін абырой», – деді ол.