Фото: Жеңіс Ысқабай

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысы Көксу ауданының Ақтекше ауылында биыл жаңа саябақ салынды. Сол сияқты Жамбыл ауылында да саябақ жобасы іске асырыла бастады. Оған қоса Балпық би ауылындағы М.Сеңгірбаев атындағы орталық саябақты абаттандыру жоспарланған. Көксу ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған орталық саябақта болды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Орталық саябақтың жалпы аумағы 6 гектар. Мұнда тарихи оқиғалар мен тұлғаларға арналған ескерткіштер, футбол алаңы, жаяу жүргінші жолы, түрлі демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйесі бар. Дегенмен саябақтың 1954 жылы салынғанын және соңғы жөндеу жұмыстары 2017 жылы жүргізілгенін ескерсек, оны қайта жаңарту уақыт талабынан туындап отыр.

Саябақтың жағдайымен танысып, мердігер ұйыммен жұмыс жоспарын талқылаған Бейбіт Исабаев ең алдымен саябақ аумағындағы ескерткіштерді ретке келтіру қажет екенін атап өтті. Бұлар — Ұлы Отан соғысына, ауған соғысының ардагерлеріне және бірқатар тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер. Сондай-ақ саябақта брусчаткалар, бордюрлер, орындықтар жаңартылып, қоршаулар мен заманауи кіреберіс арка орнатылады. Балалар мен спорт алаңдары пайда болады, футбол алаңы да қайта жөндеуден өтеді. Ашық аспан астындағы кинотеатр, фудкорт аймағы, теннис корты, скейтпарк, құмдағы волейбол алаңы және үстел ойындарына арналған алаң салу жоспарда бар. Сонымен қатар субұрқақ пен түрлі шағын сәулеттік нысандар орнату көзделген.

– Президентіміз айтқандай, қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.  Сондықтан біз барлық аудан-қалалардағы орталық саябақтарды жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамаларын кезең-кезеңімен әзірлеп жатырмыз. Жалпы алғанда, ауылдар мен қалаларда жаяу жүргіншілер аймақтары мен демалыс орындарын құру бағытында да жұмыс жүргізіліп, жаңа саябақтар мен скверлер салынуда. Бұл ретте жасыл желектің тұрақты суарылуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Сол себепті арық арқылы суарумен қатар, автоматтандырылған суару жүйелері орнатылуда. Осының бәріне «Таза Қазақстан» бағдарламасы үлкен көмек болып отыр. Енді Көксу ауданындағы орталық саябақ та қайта жаңғыртылады. Жұмысты келесі жылы бастаймыз, соның нәтижесінде саябақ ауыл тұрғындарының демалатын, бос уақыт тиімді өткізетін жайлы әрі заманауи кеңістікке айналуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Көксу ауданының Бесқайнар, Айнабұлақ, Балпық би, Ақтекше, Көкбастау және ПЧ-45 елді мекендерінде 7 балалар және спорт алаңы салынды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, Балпық би, Теректі, Ақшатоған, Мұқыры, Мұқаншы, Жетіжал ауылдарының 35 көшесіне шам орнатылған 819 тіреуіш қойылды. Айнабұлақ ауылында жарықтандыруға арналған 131 тіреуіш орнату жұмыстары қараша айында аяқталады. Бұдан бөлек, Балпық би ауылындағы 11 көп қабатты тұрғын үйдің шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Exit mobile version