Фото: instagram.com
Қоғам белсендісі, журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың кітап туралы айтқан пікірін келеке қылып пост жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Әбенова жазбасында Назаровтың сөзін әзіл мен ирония арқылы сипаттаған:
«Мандаты бар стендапер Чәкспір мен Чингачгук туралы жарып жатыр. Токтановис дейді ғой, бірақ тоқтайтын емес. Алдар көсе айдалада қалды, ал мандаты бар Тасшы бала желіні шулатып жатыр», — деп жазды ол.
Журналист Назаровтың халықпен кездесуде айтқан кей сөздеріне де тоқталған. Оның ішінде депутаттың бір айда 300 кездесу өткізгені, бір түнде «Чингачгук» атты кітапты оқып шыққаны және «екі банктен 22 несие алған жігіт туралы» айтқандары бар.
«Қызық, қай банк сонша несие береді екен? Ал Төле би мен Қазыбек бидің диалогын көріп, өзі айтқандай, құлап түскен. Шамасы, миы шайқалып қалған сияқты. Бірақ дәрігерге барудың орнына жастарды тәрбиелеуге кірісіпті», — деп кекетті Әбенова.
Ол жазбасын әзілмен аяқтап, депутаттың әрекеттерін «сахнадағы жаңа стендап» деп бағалады:
«Қазір комиктер мен стендапшылар шетте темекі шегіп тұр – сахнаға үш дипломы, магистратурасы және мандаты бар стендап-депутат шықты. Бәсеке енді мықты!»
Пост астындағы пікірлерде де халық түрлі әзілмен жауап қатып, депутаттың сөзі мен әрекетіне күлкімен қараған.
«Бәрі ішек-сілесі қата күліп жатыр — өйткені бұл нағыз халықтық юмордың жоғары пилотажы», — деп түйіндеді журналист.