7 қараша күні Алматыда білім беру саласындағы ең ірі халықаралық шаралардың бірі – Teacher’s Summit-2025 өтті. Саммитке АҚШ, Ұлыбритания және Ресейдің білім саласындағы сарапшылары қатысып, қазақстандық педагогтарға жасанды интеллект дәуірінде білім берудің жаңа әдістері мен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жолдарын таныстырды, деп хабарлайды Todayinfo.
Саммит аясында алдымен KGL Contest халықаралық олимпиадасының жеңімпазы, №23 мектеп-лицейдің оқушысы Дария Насимуллина марапатталды. Ол Грекияда өткен ағылшын тілі олимпиадасында B2 деңгейі бойынша әлемде бірінші орынды иеленді. Бұл – Қазақстанның KGL байқауына алғаш қатысып, бірден жеңіс тұғырынан көрінуі.
Шараны ұйымдастырған EDU Stream халықаралық компаниялар тобының бас директоры Наталья Мұхамеджанова саммиттің басты мақсаты – педагогтардың цифрлық сауатын арттыру, заманауи әдістемелермен бөлісу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту екенін айтты.
– Цифрландыру – оқытуды жеңілдететін құрал. Бірақ ұстаздықтың өзегі – адамгершілік пен жүрек жылуы. Сондықтан біз технологияны педагогикалық ізгілікпен ұштастыруды үйретеміз, – деді Мұхамеджанова.
Кембридж университетінің профессоры Надим Халид өз баяндамасында жасанды интеллектті этикалық тұрғыда пайдалану, оқушының сыни ойлау қабілетін дамыту және технологиямен жұмыс істеу кезінде адамдық байланысты үзбеудің маңызын атап өтті.
Британдық Express Publishing баспасының сарапшысы Эфтихиос Кантаракис «Нөлдер мен бірліктердің арасында: цифрлық дәуірдегі ағылшын тілін оқыту» тақырыбында семинар өткізіп, мұғалімдерге бейімделген платформалар мен жасанды интеллект құралдарын сабаққа енгізу әдістерін көрсетті.
Саммитке Қазақстанның әр өңірінен 200-ге жуық ұстаз қатысты. Олар жаңа цифрлық шешімдермен танысып, өзара тәжірибе алмасты.
Teacher’s Summit-2025 шарасы білім саласындағы инновация, кәсіби даму және гуманистік құндылықтардың үйлесімін дәріптеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форум алдағы жылдары қазақстандық педагогтардың кәсіби дамуы мен цифрлық мәдениетін нығайтатын тұрақты алаңға айналмақ.

