Бөтелкедегі жолдау… Бұл ертегі немесе әннің атауы сияқты естіледі, бірақ Италияның оңтүстігіндегі Неаполь провинциясына қарасты Баколи қаласының тұрғыны Дарио Гранде бір күні жағажайда серуендеп жүргенде ішіне хат салынған бөтелке тапты, деп жазды Еuronews.
«Теңізбен ерекше қарым-қатынасым бар, ол менімен сөйлесіп, жауап беретін досым сияқты. Бұл қарым-қатынас міне, 38 жасымда да жалғасып жатыр. Бүгінде мен теңізді ең жақын досым санаймын», — дейді Баколи тұрғыны Дарио Гранде.
Теңіз Дариоға Испаниядағы Балеар аралдарынан күтпеген жолдау жіберді. Хат иесі — 11 жасар бала өзі және хоббиі жайында жазған.
Балеар аралдарынан теңізге лақтырылған бөтелке шамамен 2000 теңіз милін асып, 4 айдан кейін осы жағажайға шықты. Интернет пен әлеуметтік желі арқылы жылдам және уақытша байланыс заманында бөтелкедегі хат ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз.
Тағдырдың жазуымен ұзақ та қауіпті сапардан кейін ішіне хат салынған бөтелке оның мазмұнын бағалай білген адамның қолына түсті.
«Мен жауапты теңізден жиі іздеймін. Теңіз баланың хаты арқылы маған жауап бергендей болды. 11 жасар бала жазған хат мені қатты тебірентті», — дейді Дарио.
Табылған бөтелкенің оқиғасы испан телеарнасында көрсетіліп, газетте жазылды. Дарио баланың ата-анасымен байланысқа шықты.
«Оның әкесі маған алғыс айтып қана қоймай, баласымен қарапайым пошта арқылы байланыста болудың маңызын атап өті. Мен оның өтінішін қатты құрметтеймін және бүкіл оқиғаның мәні дәл осында жатыр деп ойлаймын», — дейді Дарио.
Әлеуметтік желілердегі виртуалды достардан айырмашылығы, бөтелкеге салынған хаттан басталған достық жалғасуға тиіс.
«Жақын арада Мальоркаға барып, онымен кездесіп, қолын қысып, оған өз өмірім және туған жерім туралы айтып бергім келеді», — деп жоспарын бөлісті Д. Гранде.