Алматыда мыңнан аса ата-ананы сан соқтырған «Tesla Education» (TED Company) оқу орталығына қатысты дау өршіп тұр. «Todayinfo.kz» ақпараттық агенттігінің ресми сауалына Алматы қаласы Білім басқармасы жауап берді. Ведомство жекеменшік орталықтардың қызметіне араласа алмайтынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Tesla Education» орталығы кеңселерін жауып, клиенттердің ақшасын қайтармай жоқ болғаны хабарланған еді. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.
Білім басқармасының басшы орынбасарының міндетін атқарушы Е. Құттыбай қол қойған ресми хатта мынадай негізгі мәселелер айтылды:
1. Лицензия және бақылау: Басқарманың қатысы жоқ
Ата-аналардың көбі «Бұл орталықтарды кім тексереді?» деген сұрақ қойған болатын. Білім басқармасының жауабы қысқа: олар лицензия бермейді.
«Білім басқармасы оқу орталықтарына, соның ішінде «Tesla Education» сияқты қосымша білім беру ұйымдарына, білім беру қызметін лицензиялау немесе рұқсат беру өкілеттігіне ие емес», — делінген хабарламада.
2. «DamuBala» және мемлекеттік ақша
Ең маңызды сұрақтардың бірі – орталықтың мемлекеттік бағдарламаларға қатысы бар-жоғы еді. Ресми мәлімет бойынша, «Tesla Education»:
-
Мемлекеттік білім беру тапсырысын орындамайды;
-
«DamuBala» (ArtSport) бағдарламасы бойынша жұмыс істемейді;
-
Бюджеттен қаржыландырылмаған.
3. «Бұл – нарық заңы»
Басқарма «Tesla Education» сияқты орталықтардың жеке кәсіпкерлік субъектілері екенін ескертті. Олардың қызметі Білім туралы заңмен емес, Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі.
Демек, азаматтарға келген шығынды есептеу, тексеру немесе аудит жүргізу білім саласындағы шенеуніктердің міндетіне кірмейді.
«Әлеуметтік желілерде таралған ақпараттың шынайылығын тек құзыретті мемлекеттік органдар (полиция, сот – ред.) тексере алады», — деп жауап берді ведомство өкілдері.
Ата-аналарға кеңес: Сенімді орталықты қайдан табуға болады?
Осы жағдайдан кейін баласын қосымша үйірмеге бергісі келетін ата-аналар сақтық танытуы керек. Білім басқармасы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін, тексерістен өтетін үйірмелерді bilimalmaty.kz порталы арқылы таңдауға болатынын хабарлады.
Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс 7 бағыт (ғылыми-техникалық, туристік, экологиялық, көркемдік, тілдік курстар және т.б.) бойынша орналастырылады және олар жоспарлы түрде бақылауда болады.
«Tesla Education» оқиғасы – ата-аналар үшін сабақ. Жекеменшік курстарға жазылмас бұрын келісімшартты мұқият оқып, орталықтың беделін тексеру қажет. Ал зардап шеккендер мәселені тек құқық қорғау органдары арқылы ғана шеше алады.

