Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау барысында қаруға ұқсас заттармен түскен жасөспірімдердің жарияланымдарын анықтады. Әсіресе, «TikTok» желісінде 16-17 жас аралығындағы жастардың тапаншаға ұқсас заттарды ұстаған фотосуреттері қоғам назарын аударды. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке тұлғасы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру барысында олардың бесеуі — Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі — аудандық мектептің жоғары сынып оқушысы екені белгілі болды.
Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына берген түсініктемелерінде олар бұл әрекеттерінің мақсаты зорлық-зомбылықты насихаттау емес, тек «контент үшін» болғанын айтты.
Аталған факті бойынша жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, сонымен қатар олар профилактикалық есепке алынды. Жасөспірімдер жариялаған фотолар жойылып, оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Айта кетейік, 10 сәуірден бастап республика бойынша «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Бұл шара аясында құқық қорғау органдары рейдтік тексерулер мен әлеуметтік желілердегі бақылауды күшейтіп, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алуға баса назар аударып отыр.