Белгілі блогер Елдос Кәдірханов жеке кәсібіне байланысты қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Блогер билік органдарын сынады
Желі жұлдызы блогерлерді халыққа қарсы қойған билік органдарының әрекетіне наразылық білдірді.
«Сіз көрген тізімде біз де бармыз. Бізде жеке кәсіп бар, салықты уақытында төлейміз. Бірақ сонда да тексеру келді. Соммада айырмашылық бар екен. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне жіберген ақшаларын да есептеп отыр. Енді соны дәлелдеу керек. Блогерлердің тізімін таратып, халықтың назарын әдейі аударып қойды. Кейбіреулер ‘Сауап болды’ деп жатыр. Бірақ заң бәріне әсер етеді. Блогерлердің барлығы төменнен көтеріліп, өз еңбегімен жетістікке жеткендер. Енді кәсібімізді дамытамыз дегенде осындай кедергіге тап болдық», – деп жазды ол.
Үш жыл бұрынғы аударымдарды дәлелдеу мүмкін емес
Блогер билік тарапынан талап етіліп жатқан есеп-қисаптың орынсыздығын айтып, әділдік талап етті.
«Көп нәрсе айтқым келеді. Тілім ұзын болғанымен, қолым қысқа. Ертең мені ‘халық жауы’ етіп шығарады. Осы күнге дейін билікке қарсы бірде-бір фото немесе видео салған емеспін. Қара тізімде де жоқпын. Ел қатарлы кәсіп жүргізіп, салығымды төлеп отырмын.Ең өкініштісі – халық пен блогерлерді екіге бөліп, бір-біріне қарсы қоюы. Үш жыл бұрынғы емес, үш күн бұрынғы чектің қайда қалғанын білмейсің. Ең болмаса, уақтылы салық қағазын жіберіп отырсаңдаршы», – деп ашуланды блогер.