Ұлу жылы да жылжып өтіп барады. Қытайлық астрологияда бұл жыл өте жайлы және жұмсақ деп есептеледі. Алайда Қазақстан билігі мен халқы үшін өтіп бара жатқан жыл құбылмалы, қиындыққа толы болды. Жыл басынан бастап-ақ түрлі ауыр оқиғалар мен қаралы хабарлар аз болмады. Todayinfo агенттігі көптің назарын аудартқан ауыр оқиғаларға шолу жасап шықты.
Майқайың мұңы: жылаған жесір мен жетім қалған балалар
4 қаңтарда Павлодар облысындағы «Майқайың-алтын» кенішінде бір топ құтқарушы мінген автобус жер астына құлап түсті. Сол күні ТЖМ қызметкерлері 2 құтқарушы – Олег Тышкевич пен Сарқыт Бердіханның денесін ғана таба алды, ал қалған екеуін және автобустың өзін табу үшін жарты жыл уақыт кетті. Айдос Шаймерденнің денесі арада алты айға жуық уақыт өткен соң, 19 шілдеде, ал Айып Төлеубергеннің денесі 25 шілдеде табылды. Жер астына түсіп, мерт болған жұмысшылардың артында оншақты бала жетім қалды.
Сілкінген жер, қаладан қашқан халық
2 миллионнан аса адамды шошытқан оқиға 23 қаңтарда орын алды. Алматыда 5 баллдық жер сілкінісі болды. Алматылықтар 00:09-да жердің қатты сілкінгенін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7. Түрлі жағдайда 44 тұрғын жарақат алған
Дәл осындай қуатты жер асты дүмпуі 4 наурыз 11:22-де болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 километр жерде орналасқан. Жер сілкінісінің магнитудасы – 6.1. Алматы үшін 5 балл.
Уақыттың белдеуінің ауысуы мен халықтың қарсылығы
1 наурыздан бастап Қазақстан толық 5-уақыт белдеуіне көшті. Еліміздің батысы бұрынғы уақытында қалды, 13 облыс пен мегаполистердегі уақыт белдеуі 1 сағат артқа шегіндірілді. Бұл өзгерісті сауда және интеграция министрлігі халық денсаулығына пайдалы деп түсіндірді. Бірақ, Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындары үшін таң ерте атып, кеш ерте бататындықтан бірыңғай уақыт белдеуіне өту аса қолайсыз болып шықты. Алматыда кешкі төрттен бастап-ақ кеш батып, қараңғылық даланы басса, таң ерте атып, ел беймаза күйге түсті. Ал бір айдан кейін халық бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқалы жарықты көбірек тұтынатынын байқады. Нәтижесінде электр энергиясына көп шығынданатын болды. Уақыт белдеуіне бойынша қарсылық көп болса да түпкілікті шешім өзгеріссіз қалды.
Топан су астында қалған жарты Қазақстан
Биыл елді әбден әбігерге салған алапат су тасқыны болды. Бұл соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқыны деп саналды. Наурыз айынан 10 сәуір аралығында Қазақстанның 17 облысының 10-ында төтенше жағдай жарияланды. Атап айтқанда, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары су тасқынының астында қалды. Атырауда, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жағдай өте мүшкіл болды. Халық жабылып, көмек қолын созды. Көршілес мемлекеттер де қарап қалған жоқ. Киім-кешек, азық-түлік жан-жақтан жеткізілді. Алайда халықтың қайғысынан пайда көргендер де табылды.
Бишімбаевтің бассыздығы — Салтанаттың аянышты өлімі
Экс-министр Қуандық Бишімбаев қазақ қоғамын ғана емес, бүкіл әлемді елең еткізді. «Болашақпен» білім алып, шетелде тәжірибе жинаған, биліктің биік міндерінде қызмен жасаған Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылдың 9 қарашасында ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры, Бишімбаевтың туысы да тұтқындалды. Тергеуден соң сот отырысы 2024 жылы өтті. Әлем жұрты Бишімбаевтың сотын 27 наурыздан 10 мамырға дейін тікелей эфир арқылы көрді. Онлайн-трансляция арқылы 24 сот отырысы өтті. Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын Жоғарғы соттың YouTube арнасынан 3,4 миллионға жуық көрермен көрді. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, БАӘ, Аустралия, Түркия, Оңтүстік Корея, Бангладеш және басқа елдердің тұрғындары да сотты бақылаған. Нәтижесінде Қуандық 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.
Қазақстандағы әйелдердің бас көтеруі
Бишімбаев оқиғасынан кейін отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңда күйшейді. Ал күйеулерінен тұрақты таяқ жеп келе жатқан әйелдер басындағы қиын жағдайларын ашық айта бастады. Әсіресе билікте, ел алдында ақыл атйып жүрген еркектердің көп екені ашық айтыла бастады. Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш күйеуінің жүйелі түрде ұрып-соғатынын айтып, шағымданды. Әйел 10 жыл бойы зорлыққа шыдап келе жатқанын жеткізді. Сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен Қазақстанға шақырып алды. 9 мамырда әйел Астанаға оралды. Сәкен Мамаш қызметінен қуылып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Атырауда Мақат ауданы әкімі Ринат Ибрагимовтың бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева да отау құрған 11 жылда күйеуі ұрып-соғып, масқаралағанын айтып, халықтан көмек сұрады. Соққыдан әйелдің омыртқасы сынған. Сөзінше, балаларын да тартып алған. Ибрагимов үстінен іс қозғалған соң қызметінен кетті. Ол Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша 2 жылға шартты түрде сотталды. Кейін апелляциялық сот оның жазасын 2 миллион теңге айыппұлға ауыстырды.
Келіншектердің қорлық көрген мәлімдемелері мұнымен біткен жоқ. Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтенов бұрынғы әйелі мен балаларын үйден қуып шыққан видеосы желіде тарады. Дана Әтешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет арызданса да, ісі қаралмай жатқанына шағымданып, президенттен көмек сұрады. Кейін Әйтенов балаларына тек 50 мың алимент төлейтіні белгілі болды.
Әйелдердің Жақында ғана БАҚ беттерінде журналист Асхат Садырбайдың әйелі де күйеуінен қорлық көргенін айтып, көмек сұрады. Әнші Ерке Есмаханның бұрынғы жолдасы Асхат Садырбай екінші рет тараздық қызбен осыдан оншақты жыл бұрын отау құрған. Тараздық келіншек Айғаным Болатқызы экс-жұбайы, журналист Асхат Садырбайдың ұрып-соққанын, қорлап, әбден жүйкесін жұқартқанын, аяусыз таяқ жегенін жайып салды. Жалғызбасты ананың сөзінше, бұрынғы күйеуі қысым көрсетіп, үнемі қол көтерген. Дәлел ретінде алғын ауыр соққының суреттерін де көрсетті. Эфирде елге ақыл атйып, халықтың проблемасын көтеріп жүрген Асхат Садырбайдың арсыз әректеін оның бірінші әйеліғ әнші Ерке Есмахан да жасырмай ашық айтқан еді. Тіптен аяғы ауыр кезде де қол жұмсаған. Бүгінде төртінші рет өзге әйелмен тұрып жатқан Асхат Садырбай өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып келеді.
Әскердегі әлімжеттік. Өртенген бала мен оқушыларды қорлау
Қазақ әскерінде де биыл бірнеше сарбаз зардап шекті. Алматы облысында Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатты. Науқастың анасы Гүлсім Қамиева ұлының еденге тайып құлап, жарақат алғанына сенбейтінін жеткізді. Айтуынша Ербаян алғашында ауруханаға түскен кезде есін жиып, өзін ұрғанын басын изеп, растаған. Ал кейін жігітке дәрігерлер ата-анасының рұқсатынсыз тағы ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған екен.
Қызылорда облысында 16 жастағы оқушы қызды қатарластары есірткі беріп, сексуалды құлдықта ұстағаны мәлім болды. Қызды интимді сайтқа тіркеп, қызмет көрсетуге қинады дейді. Одан бөлек қыздан ақша бопсалағаны анықталған.
Шымкентте «Шалабай атамның аруағы» деп баллардыы аямаған азамат ұсталды. Ұлықбек Сманов алты баланы асырап алып, оларды азаптағаны белгілі болды. Ер адам балаларға зәр ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған, ауыздарына аттың ауыздығын салған. Сондай-ақ үлкен баланың ақшалай жинақтарына қозы алып, оны балалардың өзіне баққызған. Ер адам емшілікпен айналысыпқан. Желіде оның адамдарды “емдеп”, “Шалабай атаның әруағы” деп әндеткені тарап кетті.
Қызыл жалын тағы да балалар өмірін жалмады. Жітіқарада 11 қазан күні таңертең өрт шығып, бес баланың өрт салдарынан көз жұмды. Төтенше жағдайлар қызметі үйдің қас қағым сәтте өртенгенін айтты.
Құлаған кезде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған кәмелетке толмаған балалар болған. Олардың әкесі түрмеде, ал анасы сол түнде құрбысына қыдырып кеткен болып шықты.
Шерзаттың шері: «Хуторлық» бандылардың ойраны
2024-тің күзі Талғар жұрты үшін қаралы болды. 4 қазанда Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат мерт болды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Бұл іс қазақстандықтарды елең еткізіп, қоғамда үлкен резонанс туды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша 11 адам күдікті, 170 адам куәгер.
Дегенмен, қара бұлт Қаржаубайдың отбасынан сейілмеді. 8 желтоқсанда Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлі денесі табылды. Ол бұл істе басты куәгер әрі жәбірленуші еді. Полицейлер ол қаланың шетінде асылып қалғанын айтып, “Өзін өлтіруге жеткізу” бойынша іс қозғады. Алайда жақындары бұған сенбей, істі “Адам өлтіру” деп қарауды талап етті. 10 желтоқсан Нұрғанаттың жерлеуінен кейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов көшеге шығып, пышақты өзіне тақады. Ол журналистердің келуін талап етті. Әрекеті үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Қаржаубай Нұрымовтың әпкесі Бақыт Реймова“Митингке шақыру” бабы бойынша 15 тәулік қамауға алу және елден депортациялау жазасына кесілді. Себебі ол Қазақстан азаматтығын алмаған делінген ақпаратта. Туған қарындасы Салтанат “Бұзақылық” бабы бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл төледі. Күйеубаласы да 15 тәулікке қамалды.
Үлде мен бүлдеге оранған Перизаттың құпиясы
Қазақ елінің қайырымды өалқы соңғы кездері қайырымдылық қорларға да сенуден қалды. Желіде «Асар-Уме» қайырымдылық қорының шынайылығына қатысты теріс пікір тарады. Оқырмандардың көбі қордың жұмысына шағымданып, милллиардтаған қаржы қайда кетіп жатқанына күмән келтірді. Олар есепті толық жарияламайтынын және ондағы қызметкерлеріне тым көп жалақы берілетінін айтып сынады.
Бұдан соң «BizBirgemiz» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілініп, 2 айға қамауға алынды. Ондаған пәтер, қымбат көліктер сатып алғаны белгілі болды. Бағалы бренд киімдер мен алтын әшекейлерін ашық көрсетіп, дүниені шарлап жүрген Перизат қайырымдылық қорын ашық, әрі аяусыз тонағаны анықталды. Қор президентінің Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырғаны да жарияланды. Су қасқыны кезінде ел Президенті мен билікті тікелей ашық сынап, көзге түскен Перизат Қайрат арада алты ай өткенде ауыр айыппен қамауға алынды. Бүгінде қамауда жатқан Перизат Қайраттың анасы да күдікті ретінде тергеліп жатыр.
Грозныйдан жауған оқ — Ақтаудағы апат
Жыл соңында қаралы хабар күрт көбейді. Көктегі ұшақтар құлап, жазықсыз жолаушылар қырылды. 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып шыққан «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлады. Ұшақ ішінде 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Салдарынан 38 адам мерт болды. Ішінде 6 қазақстандық болған еді, оның бәрі опат болды. Ішінде 11 жасар бала да анасымен бірге болған ана дүниеге аттанып кетті. Ұшақ әу баста құстарға соғылған деген болжамды ақпараттарды тараған еді. Алайда ұшаққа тиген оқтардан кейін дүйім әлем ұшақтың Шешенстан аспаныда шабуылға ұшырап, Каспий теңізі арқылы Ақтауға жетіп құлағанны көрді. Шулы оқиғадан кейін Әзербайжан мемлекеті Ресейден кешірім сұрап, шығынды өтеуді талап етті. Владимир Путин арада үш күн өткен соң Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен кешірім сұрады.