Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын хабарлады, деп жазады Todayinfo.
Депутаттың айтуынша, заң шығармашылық тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
«Шығармашылық тұлғаларды тонауға жол жоқ! Кеше Мемлекет басшысы маңызды заңға қол қойды. Аталған заңға біз ұсынған маңызды нормалар енгізілді», — деді Нартай Аралбайұлы.
Оның сөзінше, жаңа заң бойынша шығармашылық тұлғалар өз туындылары үшін әділ қаламақы ала алады.
«Шығармашылық тұлғалар өз шығармаларына қомақты қаламақы алу үшін “Бірыңғай цифрлық платформа” іске қосылады. Шарттар электронды түрде жасалады. Туындыны пайдаланғаны үшін кім, қанша ақша төледі, ұжымдық басқару ұйымдарына қанша қаржы аударылды, оның қаншасы авторға берілді — бәрі ашық көрсетіледі. Бұрынғыдай жабық қаржылық айналымға жол жоқ! Ұжымдық басқару ұйымдарының өздеріне қалдыратын қаражаты 30%-дан 20%-ға төмендейді, сәйкесінше шығарма авторларының алатын гонорары көбейеді», — деп жазды депутат.
Заң авторлар мен шығармашылық қауымдастықтар үшін әділ және ашық қаржылық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Фото: Мәжіліс

