Азамат Есқараев отставкаға кетті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Әділет министрі Азамат Есқараев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
– «Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Несіпбайұлы Есқараев қызметінен босатылды,» – делінген ресми хабарламада.
Министр қызметіндегі кезеңдері
Азамат Есқараев 2023 жылдың қаңтарында Әділет министрі болып тағайындалған. Кейін сол жылдың сәуір айында және 2024 жылдың ақпанында қайтадан осы қызметке бекітілді. Министр лауазымында ол бірқатар маңызды мәселелерді көтерген болатын, соның ішінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетін Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігіне беру мүмкіндігі туралы да пікір білдірді. Сол кезде министрлік бұл мәселені шешуге «ресурстар мен күштің жетіспейтінін» мәлімдеген.
Еңбек жолы
Азамат Есқараевтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Ол еңбек жолын 1996 жылы Алматы қаласындағы ДЭЗ-2 жұмысшысы ретінде бастады. Кейінірек коммерциялық салада қызмет етті.
2000 жылы Есқараев мемлекеттік қызметке келіп, Астана қаласындағы Әділет министрлігінің заңнама департаментінде жетекші маман қызметін атқарды. Осыдан кейін түрлі басшылық лауазымдарда, соның ішінде департамент директорлығы мен басқарма бастықтығы қызметтерінде жұмыс істеді.
2005–2006 жылдары Алматы қаласы әкімдігінде бас инспектор қызметін атқарып, кейін «Қазына» тұрақты даму қоры акционерлік қоғамында бас менеджер болды.
2008 жылдан бастап Есқараев Әділет министрлігінің стратегиялық жоспарлау және заңнама әзірлеу саласындағы негізгі департаменттерін басқарды. Ал 2014 жылы ол Премьер-Министр кеңсесіне ауысып, онда заңгерлік бөлімді басқарды.