«Әкімдер дәрменсіз болмауы тиіс»: Тоқаев ауыл басшыларына дербестік бермек
Астанада өткен ауыл әкімдерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билік өкілдерінің өкілеттігіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша, ауыл әкімдерінің қолын байлап отырған кедергілерді жоятын уақыт жетті.
Бұл жай ғана ұсыныс емес, Президент өзінің «принципиалды ұстанымын» кесіп айтты: әкімдердің билігі қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болуы керек.
«Көзбояушылық емес, нақты құзырет керек»
Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізуді қарастырып жатыр. Жаңа жоба бойынша әкімдерге көше саудасын бақылау, абаттандыру және арнайы техника сатып алу құқығы берілмек.
Алайда Тоқаев заңдағы «бұлыңғыр» тұстарды сынға алды. Оның сөзінше, нақты тетіктің жоқтығынан әкімдер жергілікті жердегі проблемаларды шеше алмай, қол қусырып отыр.
«Бүгін әкім Ирина Шишкина ауыл басшыларының мемлекеттік базаларға кіре алмайтынын айтты. Бұл мәселені шешу қажет. Осындай кемшіліктердің кесірінен әкімдер тұрғындардың сұрағына жауап бере алмай, ашығын айтқанда, дәрменсіз күйде қалады. Бұған жол беруге болмайды», — деп қадап айтты Мемлекет басшысы.
Әкім бе, әлде учаскелік полицей ме?
Форум барысында тағы бір өзекті мәселе көтерілді. Ауыл әкімдеріне өздеріне қатысы жоқ, бөтен жұмыстар жүктеліп қойған.
Президент әкімдердің құқық қорғау органдарының қызметін атқаруы қисынсыз екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне шұғыл тапсырма берілді.
Олар бір ай ішінде жағдайды толық талдап, әкімдерді:
-
Өзіне тән емес функциялардан;
-
Қайталанатын міндеттерден босатуы тиіс;
-
Керісінше, жетіспейтін құзыреттерді қосуы керек.
Тоқаев депутаттардан заң жобасын талқылау кезінде ауыл әкімдерінің бүгінгі ұсыныстарын ескеруді сұрады.

