Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын сайлау науқаны қызып жатқанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы да талқыға түсті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерлердің алғашқы легі белгілі болды. Олардың қатарында Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшысы Рафаэль Гросси, ЮНКТАД Бас хатшысы Ребека Гринспан және Сенегалдың экс-президенті Маки Саль бар.
20 сәуірден бастап үміткерлер БҰҰ Бас Ассамблеясында ашық диалогтар өткізеді. Онда олар өз бағдарламаларын таныстырып, мүше мемлекеттердің сұрақтарына жауап береді. Негізгі кезең шілдеде басталады: Қауіпсіздік Кеңесі іріктеу жүргізіп, содан кейін лайықты кандидатура Бас Ассамблеяның бекітуіне ұсынылады.
Қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботаревтің айтуынша, Тоқаевтың кандидатурасы туралы әңгіме Қазақстанда жаңа Конституцияны әзірлеу және қабылдау кезінде ерекше өршіген.
«Бұған конституциялық реформаның жеделдетілуі және оның қорытындысы бойынша президенттік билік сабақтастығын қамтамасыз ету тетіктерінің өзгеруі, соның ішінде елде вице-президент лауазымының қайта құрылуы әсер еткен тәрізді. Осыған орай, жақын арада билік транзитін жүзеге асыру үшін саяси алаң дайындалған сияқты», — деп жазды саясаттанушы.
Ал қазақстандық сарапшы Виктор Ковтуновский Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысы болып сайлануы Ресей мен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) тиімді болуы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, ТМҰ Түркістандағы бейресми саммитте оның кандидатурасын ұсына алады.
Дегенмен, Президент Тоқаевтың өзі бұған дейін БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралғысы келмейтінін айтқан болатын.
«Бұл лауазымға кандидат ұсыну процесі әлі аяқталмаған сияқты, болашақта басқа да үміткерлер қосылуы мүмкін. 2016 жылғы сайлау тәжірибесі көрсеткендей, 13 кандидаттың екеуі шілде және қыркүйек айларында ұсынылған», — дейді Чеботарев.
Сондықтан БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткерлерді ұсыну процесі, оның ішінде бұл іске Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысу ықтималдығына қатысты интрига әлі де сақталып отыр. Бұл болжамның растығын елдегі және шетелдегі алдағы оқиғалар, соның ішінде ТМҰ-ның бейресми саммиті, парламенттік сайлау және вице-президенттің тағайындалуы көрсетеді.
Бұған дейін ресейлік танымал журналист Алексей Венедиктов Тоқаевтың әлемде ірі әрі дербес тұлға, ал Қазақстанның жаһандық күш орталықтары арасындағы негізгі алаң ретінде қабылданатынын айтқан еді.
Фото: Envato Elements.

