Мемлекет басшысы Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Президент елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін, сол арқылы Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті.
«Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз», – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.
Президенттің айтуынша, еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін тағы да алғыс айтып, оларға тілекші болған жақындары мен отбасыларына ризашылығын білдірді.
Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр.
Фото: Ақорда