Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саясаттағы олқылықтарға тоқталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Негізгі мәселе
Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекті тек шын мәнінде мұқтаж азаматтардың алуы тиіс екенін қадап айтты:
«Бұл – Конституция бойынша біздің міндетіміз. Бірақ бұл салада тәртіп орнату қажет. Жұмыс істеуге қабілеті бар адамдар өз отбасын өзі асырауы керек. Ал шынымен мұқтаж жандарға мемлекет көмектеседі», – деді Президент.
Тоқаев сондай-ақ елордадағы миграциялық мәселені мысалға келтірді. Оның айтуынша, Астанада 400 мыңға жуық адам ресми есепке алынбаған, бұл әлеуметтік шығындарды көбейтіп, экономикалық тепе-теңдікті бұзуда.
Бюджеттік жүктеме
Президенттің айтуынша, кей кезеңдерде әлеуметтік шығындар мемлекеттік бюджет көлемінің 50%-дан астамын, ал Астанада 60%-ын құраған.
«Бұл дұрыс емес. Үкімет қайта қарап, оңтайландыру жұмыстарын бастады. Әрине, бұл ауыр мәселе. Бірақ мен, Президент ретінде, жауапкершілікті мойныма алуым керек. Егер мен айтпасам, кім айтады?», – деді Тоқаев.
Контекст
Еске салайық, 2024 жылғы Жолдауында да Президент әлеуметтік қолдау саясатын қайта қарау қажеттігін көтерген еді. Оның айтуынша, қазіргі жүйеде кейде жартылай ауқатты отбасылар да мемлекеттік көмек алып отыр.
16 қыркүйекте Тоқаев Ақмола облысына сапары барысында егін жинау барысымен танысып, өңір басшыларымен жиын өткізді.