Фото: Ақорда
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Діни жиынның ашылуында сөз алған Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Cъезі құрылған сәттен бастап қолдау білдіріп келе жатқан Мысырдағы әл-Азһар университетіне алғыс айтты.
Мысырдағы әл-Азһардың бас имамын бүкіл әлем қазіргі ислам өркениетінің көрнекті ойшылы ретінде құрмет тұтатады. Жоғары мәртебелі доктор, шейх Ахмет ат-Тайыпты қазақ елі өзіне дос санайды. Сонымен қатар мәртебелі меймандардың қатарында Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед Әл-Иса бар. Ислам лигасы барша адамзатты ізгілікке шақыратын маңызды халықаралық ұйым екені белгілі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ядролық қақтығыс қаупінің күшеюіне алаңдаулы.
Айтуынша, мұндай ауқымды апаттың орын алу ықтималдығын сарапшылар соңғы ондаған жылдағы ең жоғары деңгейде бағалап отыр.
Геосаяси жіктер кеңеюде, әлеуметтік шиеленістер артуда. Осындай күрделі жағдайда, менің ойымша, басты рөлді конструктивті дипломатия атқаруға тиіс, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы съезге арнайы ат басын бұрған әлемдік және дәстүрлі діндердің өзге де көшбасшыларына, БҰҰ басшылығына, халықаралық ұйымдарға, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ілтипатын білдірді.
Қазір Таяу Шығыстағы жағдай күрделі екені жасырын емес. Сіздердің осы жиынға қатысуларыңыз ашық пікір алмасуға, бейбітшілік пен келісімге деген шынайы ұмтылысты көрсетеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз, — деді Мемлекет басшысы.