Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында жергілікті жұртшылықпен кездесті. Конгресс-холлда өткен кездесуде Мемлекет басшысы Шымкенттің еліміз үшін ерекше маңызға ие, тарихи һәм мәдени орталық екенін атап өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Бұл аймақ – тоғыз жолдың торабында орналасқан, көне дәуірден бастау алатын сауда мен мәдениеттің ордасы. Қала тұрғындары – еңбекқор, іскер және ұйымшыл халық», – деді Президент.
Президент Шымкенттегі Конгресс-холл ғимаратына байланысты ел ішінен келіп түскен ұсынысты қолдайтынын айтты:
«Кейбір азаматтар бұл нысанның атауын «Tulip Hall» емес, «Қызғалдақ сарайы» деп атауды ұсынды. Меніңше, бұл – орынды пікір. Қолдаймын. Қалада ұлттық рең беретін атаулардың болғаны құптарлық», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Шымкентте:
2023 жылы 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген;
Қала экономикасы 11%-ға өскен;
300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр;
9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылған;
Қалаға 770 млрд теңге инвестиция тартылған. Тоқаев Шымкентті «кәсіпкерлердің отаны» деп атау кездейсоқ еместігін жеткізді. Себебі қаладағы экономиканың жартысынан астамы 140 мыңға жуық ШОБ субъектісіне тиесілі екен.
Сонымен қатар, Президент бақылаусыз көші-қон мәселесіне де тоқталды:
«Қала халқы өсіп жатыр. Табиғи өсіммен қатар, көшіп келіп жатқандар көп. Бұл – қала тартымдылығының белгісі. Бірақ көші-қон инфрақұрылымға қысым түсіреді. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент әлемдегі күрделі экономикалық ахуалға да назар аударды. Оның айтуынша, жаһандық сауда соғысы мен тарифтік текетірестер барлық елдерге, соның ішінде Қазақстанға да әсер етпек.
«Біз жаһандық өзгерістерді ескеріп, барлық қауіп-қатерді мұқият сараптап отырмыз. Қандай жағдай болмасын, жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымаймыз. Үлкен инфрақұрылымдық, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және цифрландыру жобаларын жалғастырамыз. Әлеуметтік міндеттемелер орындалады», – деп мәлімдеді Тоқаев.