Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілік пен заң алдындағы теңдік туралы айтты. Ол конструктивті сын мен арандатудың ара-жігін ажырату қажеттігін баса айтты,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең», – деді Президент.
Мемлекет басшысы елдегі бейбітшілік пен келісімге нұқсан келтіретін кез келген арандату әрекетіне қатаң тосқауыл қойылатынын жеткізді. Бұл әрекеттерді кім жасаса да – журналист, блогер немесе заңгер болсын, жауапкершіліктен құтыла алмайды.
Тоқаев өз сөзінде кейбір құқық қорғаушы ұйымдардың өкілдері, блогерлер мен журналистердің ел ішіндегі кез келген оқиғадан саяси астар іздеп, шын мәнінде арандатуға жол беріп жатқанын айтты.
«Бұл – Қазақстаннан шетелге кетіп, сол жақта отырып елге шабуыл жасайтын, мемлекеттік органдарды бопсалауға тырысатын азаматтардың әрекеті. Олар шет елден алған ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр», – деді Президент.
Демократия сырттан келмейді
«Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Біздің еліміздің әл-ауқаты үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Мұны нақты түсінген жөн», – деп түйіндеді Тоқаев.