«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң 13 баптан тұрады. Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды. Жарлықтың жауапкершілігі жоғары. Заңның күшіне енуі Түркістан халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына да, күллі түркі әлемінің рухани астанасының жаңаша сипат алып, саяи түрғыдан маңыздылығының артуына да мүмкіндіктер береді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы заң Түркістанның дамуына тағы қандай мүмкіндіктер мен артықшылықтар беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық порталы.
«Ерекше қуанышты әрі тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Осы күнге дейін барлық сатыларда талқылаудан өткен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі» туралы Қазақстан Республикасының Заңына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қол қойды. Осы ретте Түркістанға берілген ерекше мәртебе – бұл жай ғана ресми шешім емес, қаламыздың болашағына жасалған үлкен стратегиялық қадам деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы қаламыздың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи мегаполиске айналуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға жол ашады», -деді Түркістан қаласының әкімі.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР заңы 13 баптан тұрады. Ерекше заң аясында Түркістан қаласы әкімдігі мен мәслихатына 44 қосымша құзіреттілік беріледі. Аталған заңдағы қаланың келбетіне кері әсерін тигізетін бөтен құрылыс элементтеріне жол бермеу секілді шаралар да заңның негізгі ерекшеліктерін айқындайды.
«Сонымен қатар, шаһардың өзіндік сәулет үлгісін қалыптастыруға басымдық берілмек. Әсіресе, тарихи аймақты қорғау мен қала аумағындағы мәдени мұра обьектілерін сақтауда үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Қазіргі таңда Түркістанда қаланы көгалдандыру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, тарихи орындарды жаңғырту, көлік қатынасын жақсарту бағыттарында нақты жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа мәртебе бұл бастамаларды одан әрі жандандыруға серпін беретіні сөзсіз.
Сондай-ақ, жаңа мәртебе аясында жұмыс орындарының көбеюі, халықтың әл-ауқатының артуы басты назарға алынбақ. Бұдан бөлек жәдігер қала үшін халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жаңа мүмкіндіктер ашылатынын да атап өткім келеді. Шетелдік серіктестермен байланысты нығайту арқылы мәдени-экономикалық жобаларды іске асыруды жандандыратын боламыз», -деп жазды Әзімбек Пазылбекұлы.
Оның сөзінше, Түркістанды тек туристік орталық ретінде ғана емес, өмір сүруге ыңғайлы, дамыған қала ретінде қалыптастыру – басшылардың басты міндеті болады. Жаңа мәртебе әлеуметтік жобалар мен инвестицияның көбеюіне ықпал ететініне сенім мол.
«Сонымен қатар, киелі қаладағы әрбір тұрғын үшін өмір сапасын жақсарту маңызды мақсатқа айналмақ. Біз Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ғана емес, экономикасы қуатты, экологиялық таза аймаққа айналдыруымыз керек. Ерекше мәртебе – үлкен жауапкершілік.
Біз осы сенімді ақтау үшін барлық күш-жігерімізді саламыз!», – деді қала басшысы.
13 баптан тұратын заңның артықшылықтары:
Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына
44 қосымша құзыреттілік беріледі.
Заңда келесідей негізгі ерекшеліктері қарастырылған:
– қаланың өзіндік сәулет үлгісін қалыптастыру;
– арнайы дизайн-кодын бекіту;
– қала құрылысы регламентін бекіту;
- кесене айналысында бөтен құрылыс элементтеріне жол бермеу;
- қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдану;
- тарихи аймақта 7 метрден асатын, түсі және материалдары үлеспейтін объектілердің құрылысын шектеу;
– қаланың рухани дамуы мен тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау;
-кесене және қала аумағында орналасқан
25 тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау;
- тарихи-мәдени мұра объектілерін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
Аталған Заң Түркістан қаласының одан әрі дамуына келесідей мүмкіндіктер береді:
-қаланың тарихи-мәдени мұрасын сақтау үшін археология ескерткіштері резерваты құрылады;
– ұлттық қолөнерді дамыту мақсатында қолөнер шеберлер шығындарының бір бөлігі бюджеттен өтеледі (өтемақы мөлшері 10%-дан 25%-ға дейін);
– мемлекеттік әлеуметтік объектілер салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын беру (мемлекеттік мектептер, балабақшалар, ауруханалар);
– туризмді дамыту мақсатында туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтейді;
– автомобиль көлік құралдарын (сегiз орыннан астам) сатып алу бойынша шығындардың бір бөлігін өтейді;
– санитариялық-гигиеналық тораптардың күтіп-ұстау үшін шығындардың бір бөлігі өтейді;
- туристерді тасымалдау жөнінде туристік қызметтер көрсету қағидаларын әзірлейді;
- стационарлық емес объектілерді және стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау қағидаларын бекітеді.