Әнші Меруерт Түсіпбаева желіде тараған блогердің видеосын жариялап, өнер адамдарына қатысты айтылған өткір талапты бөлісті, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Әнші блогердің сөзі қазіргі шоу-бизнестегі жағдайға дәл тиіп тұрғанын айтады. Видео авторының айтуынша, өнер саласында жүргендер арасында даулы қарым-қатынастар, біреудің отбасына араласу, неке бұзу секілді әрекеттер тыйылмай тұр.
«Мәдениет саласында жүрген әртістердің тірлігі адам шошырлық болды. Біреуі біреудің күйеуін тартып алады, екіншісі біреудің жарына көз салады. Біреуі бесінші әйел болып тиеді, енді бірі өз мәселесін желіге шығарып, елге жария қылады. Бұл не масқара?» – дейді блогер.
Ол өнердегі танымал тұлғаларды қоғамдық тәрбиеге жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Жастар қарап отыр. Бұдан қандай үлгі? Әркімнің отбасы бар, ата-ененің, келіннің өз орны бар. Бірақ бәрін TikTok-та талқылау – сұмдық. Проблема болса, оны елге жар салмай-ақ шешуге болады. 1000 пікір жазғанша, үйдің қарын тазалап, пайдалы іспен айналыспайсыңдар ма?» – деп сын айтты ол.

