Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестицияларды тарту болып табылады. Өз кезегінде Түркістан қаласы экономикасының өсім драйвері инвестициялық тартымдылығы екені сөзсіз. Соңғы 4 жылда облыс орталығының экономикасына 1,3 трлн.теңге инвестиция тартылды, оның ішіндегі 46 пайызы жеке инвестиция есебінен, — деп хабарлайды todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптылармен бірге Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамын талқылаған болатын. 2030 жылға қарай Түркістан өзін-өзі қаржыландыратын шаһарға айналуы тиіс. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қаланың дамуына қажетті инфрақұрылымның төмен екендігін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жан-жақты күшейтуді тапсырды. Жиын барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баяндама жасады. Сөзінше, соңғы 4 жылда қала экономикасына 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Ал, 2030 жылға дейін бұл санды 3 есеге арттыру жоспарланған.
«Биылғы жылдың жоспары бойынша инвестиция көлемі 390 млрд. тг құрап отыр. Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн. тг арттыру жоспарланған. Орташа инвестициялық өсім көлемі 20-22 % құрайды. Жалпы салыстырғанда өсім 3 есеге дейін болады» — деді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Сондай-ақ, кездесуде алдағы уақытта жүзеге асатын инвнстициялық жобалар туралы да айтылды. Жауаптылар жоспар бойынша 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді.
«Жоспарлы кезеңде инвестициялық жобалар пулы қалыптасқан. Жобалар саны 192. Жобалардың жалпы құны 541 млрд. тг жуықтайды. Жұмыс орны 7452 адамға дейін өседі деп жоспарланып отыр» — деді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Түркістан қаласында алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн.теңгеге жеткізу, жылдық орташа өсім 20% көлемінде болжамдануда. Нәтижесінде 2030 жылға қарай жылдық көлемін 1,2 трлн.теңгеге немесе 3 есе өсімге жеткізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінде жоспарлы кезеңде 541 млрд.теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталып отыр. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 34 жоба, құрылыс жұмыстары 136 жоба, туризм 13 жоба, ауыл шаруашылығы саласы 1 жоба, сауда 8 жоба бар.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Түркістан бүкіл елдің мақтанышы екенін атап өтті. Бұл аймаққа ерекше назар аудару қажет деген Президент рухани мұраны сақтай отырып, оны қорғау керектігіне тоқталған еді.
«Түркістан — біздің мақтанышымыз, түркі әлемінің бесігі, әлемге әйгілі киелі мекен. Бұл қасиетті қала біздің тарихымызда ерекше орын алады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — біздің руханиятымыздың мызғымас тірегі. Сондықтан біз Түркістанға және жалпы осы аймаққа ерекше назар аударуымыз керек. Бұл — Үкіметтің маңызды міндеті», — деген болатын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан халқының саны 234 мыңнан асты. Оның 80 мыңға жуығы жұмыспен қамтылған. Соның ішінде 30 мыңнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.