Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы макроэкономикалық көрсеткіштер мен облыс бюджетінің атқарылу барысына арналған жиын өтті. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштер қаралып, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында Талғат Қозбеков жергілікті атқарушы органдар мен бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бюджетті тиімді игеруге, түсімдердің әрбір көзін сапалы орындауға қатысты бірқатар міндеттер жүктеді. Оның айтуынша, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты уақытылы әрі тиімді игеру — басты талаптардың бірі. Сондай-ақ бюджеттік тәртіптің бұзылуына, субъективті себептермен қаражаттың игерілмей қалуына жол берілмеуі керек екенін атап өтті.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, бірқатар нәтижелерді мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4%-ды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының 7%-дық экономикалық өсімге қол жеткізу жөніндегі тапсырмасымен толық үндесіп отыр. Сондай-ақ, өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 593 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,8%-ға артқан. Жоспар 105,5%-ға орындалды. Мұндай өсім негізінен өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен саласындағы серпіннің есебінен қалыптасқан.
Жергілікті бюджеттің орындалуы жөнінде баяндама жасаған облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында облыстың жергілікті бюджетіне 114,3 млрд теңге салықтар мен басқа да түсімдер түскен. Бұл жоспардың 114,7%-ға орындалғанын білдіреді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістер көлемі 16%-ға өскен.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков барлық аудан мен қала әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына белгіленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді, жыл қорытындысымен де оң нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін баса айтты. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы Түркістан облысы әкімінің тұрақты бақылауында. Алда тұрған мақсат — межеленген жоспарларды мерзімінде және сапалы орындау арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз ету.