Түркістан облысына биыл республикадан бөлінген бюджет көбейді. Биыл облысқа 1 272,3 млрд.теңге бөлінетін болды. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш, деп хабарлайды Todayinfo.
Облысқа 2020-2025 жылдарда республикалық бюджеттен төмендегідей қаржы бөлінді:
2020 жылы – 765,6 млрд.теңге
2021 жылы – 794,2 млрд.теңге
2022 жылы – 938,8 млрд.теңге,
2023 жылы – 1 202,8 млрд.теңге
2024 жылы – 1 247,8 млрд.теңге
2025 жылы – 1 272,3 млрд.теңге.
2025 жылға облыс бойынша бюджеттің көлемі 1 497,8 млрд.теңгені құрайды, оның ішінде ағымдағы шығындарға 1 259,4 млрд.теңге, ал даму бюджетіне 238,4 млрд. теңге бағытталды.
Шығыстардың 69,5%-ға жуығы, яғни 1 040,7 млрд.теңге әлеуметтік салаға жоспарланған, оның ішінде:
– Білім беру – 819,3 млрд.теңге, немесе 78,7%;
– Әлеуметтік қамсыздандыру – 109,2 млрд.теңге, 10,5%;
– Мәдениет және спорт – 80 млрд.теңге, 7,7%;
– Денсаулық сақтау – 32,2 млрд.теңге, 3,1%.
«Жалпы облыс бюджеті әлеуметтік мәселелерге бағдарланған деп айтуға болады. Себебі, бюджет шығыстарының басым бөлігі мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытталған.
Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың негізгі үлесі субвенцияға келеді. Мысалы, 2025 жылы жалпы 1 272,3 млрд.теңгеден субвенцияның көлемі 87%, ал нысаналы трансферттер мен кредиттердің көлемі – 13% құрады. Бұл ретте, нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер мақсатты болады және айқындалған нысаналы мақсатына сәйкес қана пайдаланады», – деп жауап берді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне.
2025 жылға субвенция көлемі 1 103,6 млрд.теңгені құрады, оның ішінде 855,8 млрд.теңгесі (77,5%) 177,8 мың штаттық бірліктің еңбекақы қоры және бюджеттік мекемелерді күтіп-ұстау шығыстары. Шығыстардың қалған бөлігінде субвенция есебінен мемлекеттік тапсырыстарды орындау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, қарыздарды өтеуге және басқа да шығындарына жоспарланған (247,8 млрд.тг.).
«2025 жылы азаматтық қызметшілеріне еңбекақы төлемін ұлғайтуға, мемлекеттік стипендияның мөлшері ұлғаюына, жекеменшік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырысты орналастыруға, табысы аз отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік көмекке, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша шараларға, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыруға, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға кредит беруге және т.б. мақсаттарға жоғары тұрған бюджеттен 168,7 млрд.теңге сомасында нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінді», – деліген жауапта.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім қалыптасқан. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 3,2 трлн. теңгеге жетіп, соңғы 6 жылда 2,9 есе өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 1,2 трлн.теңгеден асты. Өңір экономикасының басты саласы ауыл шаруашылығында 1,1 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, республикада көш бастады.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін облыста қолайлы климат қалыптасқан. 207,9 мың бірлік кәсіпкерлік субъектілерімен 1,7 трлн. теңгеге өнім шығарылды. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ағымдағы жылы бөлшек салығының мөлшері 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Бұл жеңілдікті 61 мың кәсіпкер қолдануға мүмкіндік ала-алады.
Облысқа инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Өткен жылдың өзінде 1,3 трлн.теңге инвестиция тартылды (о.і. 64% – жеке инвестицияға тиесілі).
Сондай-ақ, 1 153,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бұл ретте, тұрғын үйлерді пайдалануға беру мен инвестиция тартудың өсу қарқыны бойынша облыс өнірлер арасында алғашқы бестікке кіреді.
Өңір экономикасын дамытуға тың серпін беретін маңызды инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Жобалардың іріктеу барысында өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде.
Аталған жобаларды іске қосу 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, жергілікті бюджеттің өзіндік кірістерді 400 млрд.теңгеге астам жеткізіп 2 есеге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жалпы өңірлік өнім көлемін 2 есеге ұлғайтуға қол жеткізу болжамдануда.
Аталған шаралардың барлығы облыстың республикалық бюджет трансферттеріне тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді.
https://ortcom.kz/r