Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдап, өңірдегі байланыс жүйесінің қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Кездесу барысында ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, байланыс сапасын арттыру, сондай-ақ заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Өңір басшысы ақпараттық технологиялардың қоғам өміріндегі рөлі артып келе жатқан қазіргі кезеңде ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету – әлеуметтік әділеттіліктің және тең мүмкіндіктердің маңызды көрінісі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бірқатар жолдауларында цифрлық даму – елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі екенін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда, Түркістан облысында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
– Құрметті Бағдат Батырбекұлы, киелі Түркістан өңіріне қош келдіңіз! Облыс бойынша 801 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 740 елді мекен мобильді интернет желісімен қамтылған болса, тек 429 ауыл ғана оптикалық талшықты интернет желісіне қосылған. Қалған 372 ауылда әлі де болса оптика жүйесі орнатылмаған. Бұл – ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге, білім мен медицинаға, электронды саудаға қол жеткізу мүмкіндігін шектейді. Осы мәселені шешу үшін инвестициялық жоба ұсынып, қаржы қарастырып отырғандарыңызға алғысымды білдіремін. Бұл – тек телекоммуникациялық даму ғана емес, әлеуметтік әділеттілікке де бағытталған маңызды бастама, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Бағдат Мусин өз кезегінде Түркістан облысының стратегиялық маңызы бар өңір екенін атап өтті. Халық тығыз орналасқан және елді мекендердің саны көп аймақта телеком инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігі жоғары екенін жеткізді. Ол «Қазақтелеком» АҚ тарапынан аталған 372 ауылдық елді мекенді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге 14,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланғанын айтты. Бұл инвестициялар талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу арқылы ауыл тұрғындарына заманауи байланыс қызметтерін қолжетімді етуді көздейді.
Сонымен қатар, компания басшысы аталған жобаларды сапалы әрі уақытылы орындау үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауы маңызды екенін атап өтіп, облыс әкімдігінен қажетті инфрақұрылыммен қамту, рұқсат беру құжаттарын жедел рәсімдеу сынды әкімшілік қолдау сұрады. Бұл ұсыныстар өңір басшылығы тарапынан қолдау тауып, өзара тиімді серіктестік жалғасатынына сенім білдірілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты.
Бұл ынтымақтастық – Түркістан облысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты үлгісі ретінде ауыл-аймақты жаңа даму кезеңіне бастайтынына сенім мол.