Сауран ауданында ашылған құс фабрикасының жылдық өнімі еселеп өсті. Фабрикада жылына 60 тоннаға дейін құс еті өндіріліп жатыр. Фабрикада жылдам өсетін құстар бағылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
«Сүлеймен Ата» шаруа қожалығының құс фабрикасы – ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған.
2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылған өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды мақсат еткен еді.
«Қазіргі таңда аталған құс фабрикасында «Бройлер» тауығының балапандары өсіріліп жатыр. Бройлер – тез өсіп жетілетін, еті жұмсақ та дәмді болып келетін, азықтандыру шығындары оны өсірушіге неғұрлым арзанға түсетін тауықтың ерекше түрі саналады. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін белок болады. Бұл белоктардың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады», – деп хабарлады Түркістан облысы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шаруа қожалығы өкілдерінің айтуынша, құс етіне деген сұраныс оңтүстік өңірде өте жоғары. Фабрика облыс тұрғындарын қолжетімді бағада құс етімен қамтамасыз етіп отыр. Болашақта жобаны кеңейту арқылы өнімді 120 тоннаға ұлғайту жоспарланған. Тауарға сұраныс күн сайын артып, Түркістан қаласын да толықтай құс етімен қамтамасыз етіп келеді. Жоба құны 400 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, фабрика жанында арнайы камбикорм жа жұмыс істеп тұр. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтарын өндіреді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, фабрика барлық стандарттарға сай жасақталған. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Онда халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсынуда.
«Фабрикада құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын да арттыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған», – делінген Сауран ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінде.