Түркістан облысы Төлеби ауданы Тасарық ауылдық округіне қарасты Оңтүстік елді мекенінің тұрғыны молынан табысқа кенеліп отыр. Жеке кәсіпкер Құдабек Ахылбеков 0,50 га үй іргелік жеріне танқурайдың «Атлант» түрін егумен айналысып келеді. Жақсы күтіп-баптауының нәтижесінде өзінің жеке кәсібін дамытып, жақсы қаржы тауып отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Құдабек Жамбылұлының айтуынша, танқурайдың «Атлант» түрі өзінің жоғары өнімділігімен және дәмдік қасиеттерімен ерекшеленеді. Бұл сорттың жидектері ірі және шырынды, тәттілігі мен қышқылдылығы үйлесімді. Танқурайдың бұл түрі әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделгендіктен мұнда да жақсы үйлесіпті.
-«Шағын кәсіпті қолға алғандағы мақсатымыз тек өз пайдамызды ғана ойлау емес, сонымен қатар елдімекендегі адамдарға да пайдамызды тигізу еді. Арзан, табиғи өнімді тиімді бағада қамтамасыз етумен қатар уақытша болса да аз адамды жұмыспен қамтығанымызға қуаныштымын»,- дейді кәсіпкер Құдабек Жамбылұлы.
Ол өз ауласында егіп, күтіп-баптап өсірген жидектерін жергілікті сауда орындарына өткізіп, халыққа сапалы және табиғи өнім ұсынады. Бұған қоса, түрлі тосаптар мен мармеладтар және табиғи шырындар дайындап, оларды арнайы кондитерлік өнім дайындайтын кәсіпкерлерге өткізеді.
Құдабек Жамбылұлының танқурайы сапасы жоғары болғандықтан, оған сұраныс та жоғары. Ол күнара 80 кг өнім жинап, оны жергілікті нарыққа шығаруда.
— «Бұл өнімдер экологиялық таза, химиялық тыңайтқышсыз өсірілгендіктен, тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Жидектердің жоғары сапасы мен дәмдік қасиеттері олардың тез сатылып кетуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар «Атлант» таңқурайы жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Бір бұтадан орташа есеппен 3-5 кг жидек алуға болады. Бұл көрсеткіш оны өнеркәсіптік және жеке шаруашылықта өсіру үшін өте тиімді етеді. Жоғары өнімділік фермерлердің шығындарын азайтып, табыстарын көбейтуге мүмкіндік береді»,- дейді оңтүстік өңірдің диқандары.
Таңқурайдың «Атлант» түрінің ерекшелігі: жемістері ірі әрі жоғары сортты өнім береді. Салмағы бес грамнан сәл асатын ірі, тығыз жидектермен ерекшеленеді, бұтақтарда ұзақ уақыт бойы бұзылмай тұрады. Олардың тәтті және қышқыл дәмі, нәзік, шырынды целлюлозасы бар, жаңа піскенде жеуге, сондай-ақ өңдеуге және мұздатуға жарамды. «Атлант» таңқурайы жинағаннан кейін ұзақ уақыт бойы өзінің балғындығын сақтайды. Бұл оның тасымалдауға және ұзақ сақтау мерзіміне бейімделгендігін көрсетеді. Жидектердің тығыз құрылымы оларды жинау кезінде зақымданудан қорғайды және ұзақ қашықтықтарға тасымалдауға мүмкіндік береді.