Соңғы жылдары Түркістан облысында кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар облыстың экономикалық жағдайын айтарлықтай жақсартты. Осыған байланысты жиһаз өндірісі саласында да оң өзгерістер байқалады. Бұл саланың қарқынды дамуына жиһаз өндіруші «Asia Brand» компаниясы елеулі үлес қосуда, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Жиһаз өндірісіндегі көшбасшылардың бірі «Asia Brand» кәсіпорны нарықта 13 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Алғашында бір ғана қызметкермен жұмыс бастаған бұл кәсіпорын қазір аймақтың ең ірі компанияларының біріне айналды. Кәсіпорынның бас директоры Ұйғын Әбішевтің айтуынша, бүгінгі таңда компанияда 150-ге жуық адам еңбек етеді. Түркістан қаласындағы заманауи өндіріс орны жылына 22 мың данадан астам ас үй, жатын бөлме жиһаздарын және шкафтарды шығарып, нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өнімдер қатарында балалар бөлмелерін жабдықтау және кеңсе жиһаздары да бар.
«Asia Brand» кәсіпорны өз тұтынушыларына 100-ден астам заманауи және сапалы жиһаз үлгілерін ұсынады. Әрбір жиһаз жоғары сапа стандарттарына сай жасалады. Компания өзінің тұрақты даму бағытын ұстана отырып еліміздің әр аймағында дилерлік желісін кеңейтіп келеді. Бұл қызмет өнімдерді Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тұтынушыларға қолжетімді етуге жол ашып отыр»,-дейді «Asia Brand» кәсіпорнының бас директоры Ұйғын Әбішев.
Түркістандық кәсіпкердің айтуынша, жиһаз фабрикасы стиль мен сапаны бірінші орынға қойып, нарықта сенімді беделге ие болған. Компания жылдар бойы сапалы қызмет көрсету және өнімді әрдайым жаңартып отыру арқылы тұтынушылардың оң бағасын алып үлгерді. Көптеген тұтынушылар осы компанияның өнімдерін таңдай отырып ұзақ жылдар бойы ынтымақтастығын сақтап келеді. Бұл тұрақты клиенттік база компанияның дамуына үлкен ықпалын тигізіп, оның нарықтағы жетекші орнын нығайта түскен.
«Компанияның жиһазы жоғары сапалы және өте стильді. Дилерлердің қызметі де өте кәсіби, өнімдер уақытында жеткізілді және орнату қызметі жоғары деңгейде болды. Отандық өнімнің сапасы керемет»,-деді Азамат Қалдыбаев есімді азамат.
«Asia Brand» тек Қазақстанның ішкі нарығында ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерге де өз өнімін экспорттап отыр. Бүгінгі таңда компания Ресей мен Өзбекстанға да жиһазын нарыққа шығарып, бұл мемлекеттердегі сұранысты жоғары деңгейде қамтамасыз ете бастады. Аталған бастама тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, жалпы ел экономикасы үшін маңызды көрсеткіш. Әлемдік нарықта отандық өнімнің сұранысқа ие болуы елдің индустриялық даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Түркістандық жиһаз өндірісі де осы үдерістің ажырамас бөлігіне айналды.
Көрші елдермен қарым-қатынастың нығаюы және экспорт көлемінің артуы облыс экономикасына оң әсерін тигізіп қана қоймай, аймақтың инвестициялық дамуын да арттырды. Жиһазға сұраныстың көптігі мен оның сапасының жоғары деңгейде болуы Түркістанның бренд ретінде танылуына себепші болуда. Түлкібас ауданының тұрғыны Әлия Балабекова да жиһаздың сапасы жайлы пікірімен бөлісті.
«Жиһаз фабрикасының өнімдері мені ерекше қуантты. Қолданылған материалдардың сапасы және жасалған жұмыстың көркемдігі мен үшін маңызды. Әрбір бөлшегі шеберлікпен жасалған. Халық үшін қолжетімді, таңдаулы, сапасы жоғары өнімнің маңызы жоғары»,- деді Әлия Балабекова.
«Asia Brand» компаниясы өндірістік процеске заманауи технологияларды енгізу арқылы өнім сапасын жақсартып, өндіріс көлемін арттырып отыр. Өндіріс орны соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған, бұл өз кезегінде жұмыс өнімділігін арттырып, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, компанияның кадр саясаты да ерекше назар аударуға тұрарлық. Түрлі этнос өкілдерінен тұратын ұжым бір шаңырақ астында тату-тәтті еңбек етуде. Бұл — көпұлтты еліміздің бірлік пен келісім жолындағы басты құндылықтарының бірі. Түркістан облысы кәсіпорындарының осындай ұстанымдары өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен татулықты сақтауға үлкен үлес қосып отыр.
Компанияның өнімдері сапа жағынан жоғары стандарттарға сәйкес келеді. Бұл жай ғана ішкі нарықтағы танымалдылық емес, халықаралық деңгейдегі мойындауды көрсетеді. «Asia Brand» жиһаздары эстетикалық талғам мен функционалдылықты үйлестіру арқылы заманауи жиһаз трендтеріне сай келеді. Осындай сапалы өнімдердің арқасында компания көптеген халықаралық көрмелерде танымал болып, бірнеше рет беделді марапаттарға ие болған.
Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен салтанатты жиында «Asia Brand» кәсіпорны Президенттің «Алтын сапа-2023» сыйлығына ие болды. Бұл марапат компанияның өнімдерінің сапасы мен оның өндіріс деңгейін жоғары бағалағандығын дәлелдейді. «Алтын сапа» сыйлығына ие болу – компанияның даму жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі және оның одан әрі өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Түркістан өңіріндегі жиһаз өндірісі тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, аймақтың әлеуметтік дамуына да өз үлесін қосуда. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Жұмыспен қамту мәселесі Түркістан облысының негізгі мәселелерінің бірі болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар ерекше маңызға ие.
Компания тек өндіріс процесімен шектелмей, жергілікті қоғамдастықты дамытуға арналған бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырып отыр. Бұл жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту және жалпы аймақтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы маңызды қадамдар болып табылады.
«Түркістан облысындағы кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуы ел экономикасына оң әсерін тигізуде. «Asia Brand» сияқты кәсіпорындардың жетістіктері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың тиімділігін дәлелдейді. Көрші елдерге жиһаз экспортының артуы отандық кәсіпорындардың халықаралық нарықта өз орнын таба алатынын көрсетіп отыр. Бұл – экономикалық өсудің маңызды көрсеткіші және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің артуына себепші факторлардың бірі», — деп мәлімдеді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.