Түркістан облысында тәулігіне 30 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын шағын зауыт ашылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цехтың ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаты Абдурашид Жусипов, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық қатысты.
Ауылдық жерде жаңадан жұмыс орнының ашылуы үйіне қажетті құрылыс заттарын алыстан таситын азаматтар үшін ғана емес, ауыл ақсақалдары үшін де жақсы жаңалық. Олар іскер азаматтарға батасын беріп, еңбекке көбірек араласу керек екендіктерін айтты.
«Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бұған дейін де өз кәсібін дөңгелетіп, жемісті жұмыс атқарып келеді. Аталмыш нысанның төрағасы Аброр Рысқұловтың айтуынша, қажетті құрал жабдықтарды Қытай Халық Республикасынан алып келген.
«Бүгінгі таңда цехта 25-30 адам тұрақты жұмыс істейді. Жалпы цехтың көлемі 1 гектарды құрайды. Қазіргі таңда онда 12 түрлі құрғақ құрылыс қоспалары дайындалып, нарыққа шығарылып жатыр. Күніне 30 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруде. Ондағы артықшылық нарық бағасынан әлдеқайда төмен, сапасы жоғары. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттыруда», – деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдағы уақытта шағын зауыт иесі өнім көлемін 2 есеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.